Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында балалардың жолдағы қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
285 баланың өмірі – орны толмас қаза
Спикердің айтуынша, балалар – жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санаты. Сондықтан олардың өмірі мен денсаулығын қорғау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Өткен жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 285 бала қаза тапқан. Сонымен қатар жүздеген бала түрлі деңгейдегі жарақат алған.
"Бұл – жол беруге болмайтын шығын. Біз балаларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін бар күш-жігерімізді салуға міндеттіміз. Зардап шеккен кәмелетке толмағандардың жартысынан астамы көлік құралдарының жолаушылары болған. Қалғандары – жаяу жүргіншілер, оның ішінде велосипедшілер, самокат пайдаланушылар және мопед жүргізушілері", – дейді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.