04 ақп, 2026 сағат 13:33

Биыл елімізде 20-дан астам ірі халықаралық жарыс өтеді

Фото: ашық дереккөз

Биыл Қазақстан аумағында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-дан астам ірі халықаралық спорттық жарыс өткізу жоспарланған. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Халықаралық бәсекелер Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Талғар, Ақтау қалаларында ұйымдастырылады. Жарыстар қысқы, жазғы, олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерін қамтиды.

Алматыдағы ірі турнирлер

Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін Алматыда бірқатар маңызды жарыстар өтеді. Атап айтқанда:

  • Фристайл-могулдан Әлем кубогі кезеңі

  • FIP GOLD ALMATY халықаралық падел турнирі

  • WKF KazOpen халықаралық каратэ турнирі

  • WKF каратэден Азия чемпионаты

  • Барлық жас санаттары бойынша джиу-джитсудан Азия чемпионаты

Сондай-ақ дәстүрлі түрде:

  • «XXXIV Мемориал – Ғ.Қосанов» халықаралық жеңіл атлетика жарысы

  • Denis Ten Memorial Challenge Series мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі өтеді.

Астанада өтетін халықаралық бәсекелер

Елорда да бірқатар беделді жарыстарды қабылдайды. Олардың қатарында:

  • УЕФА футзалдан Чемпиондар лигасының финалы (2025/2026 маусымы)

  • Дзюдодан Grand Slam турнирі (төртінші рет)

  • Ерлер мен әйелдер арасындағы Silk Way Series Kazakhstan-1,2

  • Жүзу мен боччадан Әлем кубоктері

  • Голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты

  • Astana Open Series Kazakhstan-1,2 халықаралық жарыстары бар

Сонымен қатар Астанада фиджитал спорттан «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді.

Өңірлердегі жарыстар

  • Талғар – көпкүндік веложарыстан Азия кубогі

  • Шымкент – ISSF стенд атудан Әлем кубогі және маунтинбайктан (MTB) Азия кубогі

  • Түркістан – пара каноэден Азия чемпионаты

Аталған жарыстар Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығындағы беделін арттырып, елдің ірі халықаралық турнирлерді қабылдай алатын заманауи спорттық алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.