© Владимир Гердо/ ТАСС, архив
Алаяқ жолмен аңқау халықтың 136 миллион теңгесін қалтасына басқан. Елордада
тағы бір қаржы пирамидасы әшкереленді. Толық ресми атауы Sincere Systems Group
LTD ұйымына қатысты қазір тергеу жүріп жатыр, деп жатыр Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Атауының өзінен шетелдік компанияның иісі шығып тұрғандай-ақ. Ұйым өзін көпшілікке Ұлыбританияда тіркелген инвестициялық қор ретінде таныстырған. Forex нарығында майнинг, сенімгерлік басқару сынды қазіргі заманда сұранысқа ие қызмет түрін ұсынып отырған. Күн санап табысын арттырып отырғаны жөнінде жалған құжат көрсетіп, тірліктерінің шала емес екенін дәлелдеумен болған басшылары, салымшыларға ай сайынғы табысын 20 пайызға дейін, ал жылдық табысын 180 пайызға дейін арттыруды уәде еткен.
Ал сөздерінің нанымды болуы үшін жалған қор басшылары әр азаматқа жеке кабинетінің логині мен құпия сөзін беріп қояды. Онда виртуал депозитте жалған табыстың «өсімін» салымшылар бақылап отырған. Осылайша ай сайын өскен санға қуанып мәз болып жүріпті.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:
– Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асты. Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушылар елордада екі пәтер және екі автокөлік сатып алған, оны тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылды.
