19 жел, 2025 сағат 13:18

Қаржылық сауаттылық жолының бастауы


Фото: pinterest

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Қаржылай сауатты болу, ақшаны ретімен жұмсап, оны жинап сақтау қажет екендігін түсіну, сол түсінікпен өмір сүрудің өзі — адамның өсу жолына түскендігін көрсетеді. Бұл жердегі басты нәрсе “ақша жинау қолымнан келмейді”, “ арманым қашан орындалар екен?”, “мұндай өмір біз сияқтыларға мүмкін емес” деген керітартпа түсініктерден арылып, амал ету деңгейіне шығу.

Үлкен ақша бірден жиналмайды. Нәтижеге бірден, тез арада жете салу мүмкін емес. Бұл үлкен жол. Ең бастысы — сол жолға түсіп, қадамдар жасай бастау. Әр адамның табысы әртүрлі. Оған қажет үлкен сомма да, мақсаты да әртүрлі.

Ақша жинаудың басты қағидасы

Ақшаны көп тапқанда жинай бастаймын деу — орындалмас арман. Ақша жинауды аз табыспен де бастауға болады.

Ақша жинаудың ең басты талабы — әр табыстың ең кемінде 10% -ын сақтап отыру және жиналып жатқан ақшаға ешқандай жағдайда да  қол тигізбеу. Белгілі бір нәрсеге ақша жетпей жатқан жағдайда да қарыз, несие алмай, қосымша табыс табу арқылы ғана сол қажеттілікті жабу негізгі қағида.

Ақша тек алдында нақты мақсаты бар адамда тез жиналады. Себебі адамның санасында мақсатқа жету жолының көрінісі, жоспары айқын көрінеді. Ұстанса жүйе, тәртіп болады. Тәртіп болу үшін алға қойған мақсат, қажеттілігі өте зор болуы тиіс.

Күн сайын әдемі болып, уақытша қатарыңның алды, бірақ баспанасыз жүру маңызды ма, әлде алдымен қауіпсіздік қорын жасап алып, кейін еркін киініп, қыдырған жақсы ма? Көп қажеттіліктің ішінен ең маңыздысын ажыратып, сол бойынша жұмыс істеген жөн.

Мәселен, баспаналы болуды мақсат ететін студент немесе жас қызметкер 3-5 жылда пәтердің тұтас құнын емес, оның алғашқы жарнасын ғана жинай алатынын түсінуі керек. Яғни, бір жыл аяқталған кезде тұрақты жиналған ақша алғашқы жарна қорының 10-20% құрауы тиіс. Келесі жылы осы табыспен немесе оны көбейту арқылы биылғыдан көбірек ақша жинап, пәтердің алғашқы жарнасы жиналатын жылдарды азайта алады. Осылайша мақсатын орындауға кіріскен әр жас адам жыл соңында өзі белгілеген межеге жеткен, толыққанды жайлы сезіммен аяқтайды. Бірізділік, тұрақтылық бар жерде бәрі мүмкін екенін түсінеді.

Пайым

Ендігі кезекте ақшаның жай келіп-кетіп, әрдайым жетпей жатқан сезімі оны басқармайды. Адамды ақша үрей, мазасыздық арқылы билемейді. Қаржылық сауаттылық жолына түскен, ақшамен қатынасын реттеген адам енді оны басқарады. Қойылған үлкен қаржылық мақсатқа бірден жету мүмкін емес. Бірақ дұрыс құрылған жоспар және оны қатаң қадағалау — әрқашан нәтижеге әкеледі.

Ал ең бастысы қаржылық сауат жолына түскен адам ол — өсу жолына түскен адам. Өз қаражатын басқарып, ақша жинау әдеті арқылы болашағына жол салу өмірінде тұтас тәртіп орнатумен тең. Мұның өзі үлкен жеңіс.