11 ақп, 2026 сағат 11:18

Қазақстанда ғалымдардың жартысынан астамы – әйелдер

Фото: ҚР ҒЖБМ

11 ақпан – ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай Ғылым және жоғары білім министрлігі салада еңбек етіп жүрген аруларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Ведомство бұл күннің әйелдердің ғылыми ойдың дамуына, инновациялар мен өркениеттің ілгерілеуіне қосқан үлесін мойындаудың маңызды белгісі екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Бүгінде Қазақстанда магистр, PhD докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы дәрежесіне ие 120 896 адам бар. Соның 62 433-і, яғни 51,6 пайызы – әйелдер. Жоғары білім беру жүйесінде де әйелдердің үлесі жоғары: профессор-оқытушылар құрамының 65,7 пайызы – әйелдер.

Елде ғылыми зерттеулермен айналысатын 12 893 әйел бар, бұл барлық ғылыми қызметкерлердің 56 пайызына тең. Әйел зерттеушілер жаратылыстану, инженерлік-технологиялық, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарда белсенді еңбек етуде. Әсіресе гуманитарлық (66%) және әлеуметтік ғылымдарда (65%) олардың үлесі басым.

Министрлік ғылым жолында жүрген қыз-келіншектерге алғыс білдіріп, ғылыми ізденістеріне табыс, тың идеялар мен жобалардың сәтті жүзеге асуын тіледі.