Астанада ҚР Энергетика министрлігі мен Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығы (ҚЭҚ) ұйымдастырған, көмір генерациясын дамытуға арналған ауқымды дөңгелек үстел өтті. Шараға мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ энергетикалық компаниялардың иелері мен басшылары қатысты. Пікірталастың негізгі қатысушыларының бірі «ОАЭК» АҚ акционері Сергей Кан болды. Компанияның басты жолдауы: жұмыс істеп тұрған станцияларды жаңғырту көміртегін ұстау және сақтау (CCS) жүйесін қоса алғанда, декарбонизацияның озық технологияларын енгізумен қатар жүруі тиіс.
Ұлттық жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай көмір генерациясының қуаты 21,2 ГВт-қа дейін артады. 7,6 ГВт көлеміндегі өсім энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, бірақ экологиялық тұрғыдан жаңа сын-қатерлер туғызады – бұл жыл сайын қосымша 30 млн тоннаға дейін CO2 шығарындысы деген сөз. ОАЭК позициясы айқын: дәстүрлі тазарту әдістері енді жеткіліксіз.
«ОАЭК» АҚ акционері Сергей Кан инновациялардың стратегиялық маңыздылығын атап өтті: «Елдің экология саласындағы халықаралық келісімдер бойынша жауапкершілігі бар, сондықтан біз алға қарай қарауымыз керек. Алдыңғы жылы Қазақстан мұнай және газ институтымен және Schlumberger компаниясымен бірлесіп жер қойнауын зерделедік. Нәтижесінде Ертіс маңы бассейнінен дәл осы CO2 газын көмуге жарамды бірнеше резервуар таптық. Алғашқы зерттеу нәтижелері құжат түрінде ресімделді. Меніңше, болашақта бұл технология шығарындыларды азайтудың негізгі құралына айналады – біз бұсыз алға жылжи алмаймыз. Егер қазір бастасақ, 2035 жылға қарай жобаны толық енгіземіз».
Павлодар облысы ірі эмитенттерге жақын орналасуына байланысты CCS-хаб құру үшін тамаша алаң болып табылады. Жобаның жол картасы 2026 жылы ҒЗТКЖ-ны (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды) аяқтауды және 2035 жылға қарай өндірістік айдауды бастауды көздейді. Жобаның жоғары құнын ескере отырып (бір қазандықты тазарту – шамамен 40 млрд теңге), оны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау мен жаңа реттеуші база қажет.
Өз кезегінде бизнестің бастамасына қатысты ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пікір білдіріп, декарбонизацияны Ұлттық жобаға енгізу қажеттігін атап өтті:
«Бізге CO2 газын топыраққа әрі қарай айдаудың геологиялық мүмкіндіктерін жоғары дәлдікпен анықтап алуымыз керек».
ОАЭК энергия қауіпсіздігі мен халықаралық экологиялық стандарттар арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, бұл өзгерістердің көшбасшысы болуға дайын екенін растайды.
