Фото: ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Беделді турнирде Kazakhstan C командасы абсолютті жеңімпаз атанса, Kazakhstan A командасы жалпы есепте екінші орынды иеленді.
Мемлекет басшысы Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен құралған құраманың кәсіби, физикалық және жауынгерлік дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ сарбаздардың отаншыл рухы мен жеңіске деген жігеріне ерекше тоқталды.
Президент 48 елден 109 команда қатысқан халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғаған арнайы жасақ жауынгерлеріне тиісті құрмет көрсетілетінін мәлімдеді.
