16 ақп, 2026 сағат 10:56

«Сөйлесуге шақырып, соққыға жыққан»: Алматыда ер адам ауыр халде жатыр


Фото:  Видеодан скриншот
Алматыда үш жігіт ер адамды аяусыз соққыға жықты. Оқиға туралы зардап шеккен азаматтың ұлы әлеуметтік желіде хабарлады. Бұл туралы Криминальный Казахстан telegram арнасына сілтеме жасап Ult.kz хабарлайды.

Оның айтуынша, 10 ақпанда үш ер адам әкесін сыртқа «сөйлесуге» шақырып, кейін соққыға жыққан. Күдіктілердің бірі кенеттен қатты соққы жасап, салдарынан ер адам шамамен бір сағаттай ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер бас сүйегінің бірнеше жерден сынғанын және миға қан құйылғанын анықтаған.

Ұлының сөзінше, қазіргі таңда отбасы ауыр жағдайда. Олар жалдамалы пәтерде тұрады, қарыздары бар. Анасы зейнеткер, жұбайының денсаулығында кінәрат бар, сондай-ақ отбасында кәмелетке толмаған екі бала тәрбиеленіп отыр.

Алматы қалалық полиция департаментінде күдіктінің анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, істің барысы полиция басшылығының бақылауында.