Фото: Ақорда
Маман даярлау ісі экономиканың нақты секторларында жасанды интеллекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр. Бұл туралы бүгін, Үкіметтің жалпы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің сөзінше оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кетіп жатыр. Демек жай ғана IT-мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз.
"Елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады. Осыған орай Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі", - деді ол.
Сонымен қатар Тоқаев өз кезегінде, Үкімет ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алатынын айтты.
