Фото: Tourcode.kz
2025 жылдың соңғы деректеріне сәйкес, Алматы қаласы Қазақстан өңірлері арасында сыртқы сауда көлемі жағынан айқын көш бастап тұр. Мегаполистің жалпы тауар айналымы 7,2 млрд АҚШ долларына жетіп, оның 1,3 млрд доллары экспортқа тиесілі болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4%-ға жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Ult.kz.
Қала жоғары қосылған құны бар өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруда айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Экспортталатын негізгі тауарлар қатарында газ турбиналары, авиация қозғалтқыштары, смартфондар, металл конструкциялар, легирленген болат, минералды тыңайтқыштар және қант бар. Сонымен қатар ұшу аппараттары, минералды су, жануарларға арналған жем, шоколад, теледидарлар мен косметикалық өнімдер сияқты күнделікті тұтыну тауарларының да үлесі арта түсуде.
Алматының басты сауда серіктестері – Қытай (1,8 млрд доллар), Ресей (1,58 млрд доллар) және Оңтүстік Корея (346 млн доллар). Бұл мемлекеттермен сауда байланысы тұрақты өсіп келеді.
QazTrade компаниясының басқарушы директоры Айнұр Әмірбекованың айтуынша, Алматы экспортының тұрақты түрде артып келе жатқаны – өңірдің мықты өндірістік базасы мен экспорттық экожүйесінің тиімділігінің дәлелі. Әсіресе машина жасау, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларының сыртқы нарыққа шығуы қарқын алған.
