
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарын келе жатқан мерекемен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұдан соң облыс әкімі аймақтың дамуына үлес қосқан жамбылдықтарға наградалар тапсырды.
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Қордай ауданы Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларов және М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Мұхабат Тұрдыева марапатталды.

Ал, «Құрмет» ореніне «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС директоры Дастан Айтөленов, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, «Агрофирма Түрікпен» ЖШС бас директоры Бауыржан Әбілдаев, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртісі Анна Вундер, «Altais Group» ЖШС президенті Әлімбек Жұмабаев, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Тілеубеков және еңбек ардагері Щорс Шарафутдинов ие болды.
Сондай-ақ, II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін облыс әкімінің қолынан «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бас инженері Мұхамедияр Әріпбаев, «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ филиалы Шу локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Төлеген Барлыбаев, «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің механизаторы Николай Ивкин, «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының краншысы Рысқали Майсупов және «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауыты аммофос цехының аппаратшысы Дүйсен Шынқожаев алды.
Сонымен қатар, «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Асқар Мырзахметовке, медицина ғылымдарының докторы, облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Сағындық Ордабековке, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері Мұхтарбай Рахманқұловқа, «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» және «Шолақтау» филиалдарының директоры Мұратқали Сәрсеновке және Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейділдә Байшақовқа берілді.
Өз кезегінде Асқар Мырзахметов жамбылдықтарға ыстық ықыласы мен көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.
«Маған әлі күнге дейін облыс тұрғындарынан алғыс-лебіздер түсуде. Әрине, бұл - үлкен құрмет. Біз бірлесе отырып облыс үшін көп іс тыңдырдық. Алда тек жақсылықтар болады деп сенемін. Марапат үшін рахмет, бұл - мен үшін үлкен мәртебе», - деді ол.
Кеш бағдарламасы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының ұжымы әзірлеген мерекелік концертке ұласты.


