14 ақп, 2022 сағат 13:36

Балалар әдебиеті: Қандай шетелдік қаламгерлердің шығармалары қазақ тілінде жарық көрді?


Әдебиетшілер мен қаламгерлерді түрлі әдеби фестиваль, форумдарға қатыстыру жалғасады.

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлем әдебиеті авторларының аудармалары жарық көруде. 2021 жылы әлем балалар әдебиетінің Даниэль Дефо «Робинзон Крузо» (аударған Кеңес Дүйсен), Джонатан Свифт «Гулливердің саяхаттары» (аударған Жамалхан Асықова), Стивенсон Роберт Льюис «Қазына аралы» (аударған Қадыр Дәуітов) сияқты авторлардың аудармалары басылып шығып, республика кітапханаларына таратылды», - деп атап өтеді Ералы Тоғжанов жауабында. 

Оның атап өтуінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың 2021 жылға арналған жол картасы аясында «Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы іске асырылды. Әлемнің 53 елінде 280 іс-шара, оның ішінде түрлі кездесулер, мүшайралар, форумдар мен кездесулер өткізілді. 

«Барлық іс-шараларға отандық әдебиетшілер мен қаламгерлер қатысып, шетелдік әдебиет өкілдерімен пікір алмасып, оқырманды өз шығармашылығымен таныстыруға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта да әдебиетшілер мен қаламгерлерді түрлі әдеби фестиваль, форумдарға қатыстыру және олардың шетелдік қаламгерлермен тәжірибе алмасуын ұйымдастыру жалғасады», - деді вице-премьер.