Фото: qamshy.kz
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ірі кинотеатр желілері көрсетілімнің бірінші күнінен бастап кассалық кірістің 50%-ын тұрақты түрде алып, режиссерлер мен продюсерлерді әділ табыстан айырып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның сөзінше, фильм жасаушылар монополистердің қысымы салдарынан үнсіз қалуға мәжбүр, сонымен қатар қосымша жарна мен насихаттау шығындарын төлеуге, соның ішінде «көрінбейтін» төлемдерге де міндетті.
Фото: Мәжіліс
«Арнайы наразылық тудырғаны – мемлекеттік қаражатқа түсірілген фильмдердің кірісінен де бөлікті ұстап қалу: мысалы, бюджеттен 190 млн теңгеге қаржыландырылған «Қайтадан» фильмі бір миллиардтан астам қаражат жинаған, бірақ кинотеатрлар 550 млн теңгені өзіне алған», - деген Бейсенбаев мұндай тәжірибе отандық кино бизнестің дамуына кедергі жасап, маңызды тарихи және мәдени жобалардың пайда болуына тосқауыл болатынын атап өтті.
Депутаттың сөзінше Kinopark және Kinoplexx елдегі барлық кинотеатр залдарының 40%-на дейін бақылауды жүзеге асырады. Ал Chaplin және Cinemax желілері мегаполистерде үстемдік жүргізіп отыр. Сондықтан депутаттың пікірінше бұл мәселе Бәсекелестікті қорғау агенттігі және басқа да тиісті мемлекеттік органдардың назарын аударуы керек.
Депутат Е. Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасына М. Омаровқа жолдаған сауалында кинотеатрлар, прокатшылар және киностудиялар арасындағы қолданыстағы келісімшарттарды тексеруді, сондай-ақ кинотеатр желілерін өз үстемдігін пайдаланып, негізсіз 50% пайда алу фактілеріне қатысты кешенді тексеруді ұйымдастыруды сұрады.
