20 қыр, 2019 сағат 12:44

Елордада бейне-бақылау орнатылғаннан кейін қылмыс саны 40% азайған

Нұр-Сұлтан қаласында орнатылған бейне-бақылау құралдарының арқасында қаладағы қылмыс көрсеткіші 40%-ға төмендеген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова айтты.

Бас қаладағы цифрландыру жұмыстары нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық, жол қозғалысы ережесін бұзу мен түрлі қылмыстардың (қарақшылық, ұрлық жасау, тонау, т.б.) алдын-алу және оларды анықтау процесі оңтайлана бастады.

«Алғашқы уақытта қала көшелеріндегі бейне-бақылау жүйесін көп адам түсінбей, айыппұл салу жүйесі деп қабылдады. Шынын айтқанда, аталған жүйе қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыс саны 40 пайызға азайды. Мұның барлығы цифрландырудың оң нәтижесі. Цифрландырудағы басты мақсат – өмір сапасын жақсарту, жеңілдету», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

Қала әкімі орынбасарының сөзінше, жуырда елордадағы бейне-бақылау жүйесіне soft енгізіледі. Мұндағы мақсат – жоғалған, іздеуде жүрген адамдарды тауып, қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Айта кетсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласын «ақылды қалаға» айналдыру жұмыстары қолға алынған болатын. Осыған байланысты, ел астанасында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде цифрландыру жұмыстары емханалардағы кезек күтушілер санын азайтуға, қызмет сапасын арттыруға өз үлесін қосуда. Осы ретте, Smart Astana мобильді қосымшасы іске қосылып, 70-тен астам қызмет түрі электронды нұсқада беріледі. Атап айтсақ, дәрігер қабылдауына жазылуға, оны үйге шақыртуға, салықтық мәртебені білуге, еңбекке жарамсыздық қағазының «шынайылығын» тексеруге, цифрлық сауаттылықты арттыруға, қайырымдылық қорына ақша аударуға, бірыңғай жиынтық төлем жасауға және т.б. қызметтерді жүзеге асыруға болады.