14 сәу, 2019 сағат 17:59

Тоқаев Ташкентке барды (видео)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасына келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жексенбі күні Қазақстан Президентінің ұшағы И.Кәрімов атындағы Ташкент халықаралық әуежайына қонды. Мемлекет басшысын Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдуләзиз Камилов және Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкходжаев күтіп алды.

Ақорда баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сапар барысында екі елдің Президенттері сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және көліктік-транзиттік ынтымақтастықтың екіжақты өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күнтәртіптің басты тақырыптарын жан-жақты талқылайтын болады.

Екіжақты кездесу барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қою да көзделген.

Мұнан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев  Өзбекстандағы Қазақстан жылының ресми ашылу салтанатына қатысады.