09 жел, 2022 сағат 15:50

Қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады - Тоқаев


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында халықаралық ұйымдардың көңіл көншітпейтін болжамдары туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. 

Қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді.

...Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек» - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды.

«Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Әрине, бұл жұмысты бірлесе жалғастырған жөн.

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды» - деді Қазақстан Президенті.