06 там, 2019 сағат 08:48

Қызылордалық IT-мамандар жаңа мобильді қосымша жасап шығарды

Қызылордада жас өнертапқыштар тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын әрі уақытты тиімді басқаруға көмектесетін мобильді қосымша ойлап тапты.

Guide Way деп аталатын бұл бағдарлама Smart City концепциясы аясында жүзеге асқан. Оны Рlay market немесе App Store мобильді қосымшасы арқылы жүктеп алуға болады.  

Жоба авторы Юрий Кожушныйдың айтуынша, бұл идея Қызылорда қаласында тегін анықтамалықты қалыптастыру процесінен соң пайда болған. Мобильді қосымша қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама атауы мен автобус қозғалысын анықтауға көмектеседі. Бұдан бөлек, аталған бағдарлама жергілікті тұрғындарға қаланың геокартасын көруге, қажетті көшені табуға жәрдемдеседі.

Аймақта «Ақылды қала» жобасы бойынша тағы бір жоба жуырда іске қосылған еді. Ол – «ақылды арба» қосымшасы, авторы – Қымбат Тұрсынтай. Аталған мобильді бағдарламаның тиімділігі – супермаркеттерден тауар сатып алу кезінде ыңғайлы формат ұсынуы, сондай-ақ тауар бағасын штрих-кодтар арқылы білуге мүмкіндік беруінде болып отыр.

«Менің жобам уақытты үнемдеуге және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Мәселен, егер азамат тек 10 мың теңгеге сауда жасағысы келсе, онда оған «ақылды арба» лимит толған кезде бірден хабар береді», – дейді жас талант Қ.Тұрсынтай.

Биыл Қызылорда облысында 26 IT-жоба жасау жоспарланып отыр. Оның барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналатын болады.

Айта кетейік, 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Smart City» концепциясы қолға алынды. Ондағы басты мақсат – қала тұрғындарын жайлы өмірмен қамтамасыз ету, қоғам өмірінің барлық саласын автоматтандыру, сол арқылы өмір сапасы мен қызмет сапасын арттыру. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес  ел аумағындағы барлық қалалар біртіндеп ақылды қалаларға айналады.