Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың сөзінше Қазақстанда марапат пен атаққа деген құмарлық қауіпті деңгейге жетті. Қазіргі кезде кейбір қоғамдық ұйымдар медаль, ордендер мен «құрметті атақтарды» ашық немесе жасырын түрде ақшаға сатады. Бұл үрдіс әсіресе білім саласына еніп, мұғалімдердің кәсіби деңгейін емес, марапат санына қызығушылығын арттыруда. Мемлекеттік наградалар беделін сақтап, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін заңнамалық нормаларды толық іске асыру және қоғамдық атақтардың заңсыз таралуын қатаң бақылау қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан мәжілісмен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
«Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувинер сияқты. Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған өзі тоқтам бар ма?», - деп ашынды Толықбай.
Депутат бұған дейін де бұл мәселені біраз әріптестері көтергенін, арнайы заң, норма да қабылданғанын айтты. Алайда оның пікірінше бұл үрдіс керісінше үдеп барады. Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Яғни қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады.
Мақсат Толықбайдың пікірінше ең қауіптісі — бұл «марапат бизнесінің» ең алдымен мектептерге енуі.
«Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады. Бұл — білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен біз атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық», - деп қынжылды ол.
Осыған байланысты ол төмендегі мәселелер бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады:
1. 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату.
2. Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беру.
3. Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.
