03 жел, 2018 сағат 11:52

Медициналық қызметі сапасын жақсартады

Медицина саласының ауқымды жұмысын атқаратын - аймақтық дәрігерлер. Олар қала, ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалап, сырқатқа шалдыққандарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қай маманға баратынын анықтап, жол сілтейді. Оқыс жағдайға тап болғандарға орталыққа жеткенше қолдан келген көмегін жасайды. Сондықтан, аймақтық дәрігерлердің еңбекақысын көтеруді қолдау қажет.

Бұл орайда Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында: Ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген аймақтық медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Бұл - дәрігерлер үшін жақсы жаңалық. Себебі қазір негізгі күш жалпы тәжірибелі дәрігерге түседі. Оның ішінде шалғай елді мекендегі дәрігерлерге қиын. Егер еңбекақы көтерілсе, емхана, ауруханаларда дәрігерлер тұрақты қызмет еткен болар еді, қазір жұмысқа орналасқан жас маман ары кетсе 5-6 ай жұмыс жасап тұрақтамай кетіп қалатын жәйттер де бар.

Бүгінде медицина компьютерлік жүйеге көшуде. Яғни, сырқаттың емдеу картасы электронды түрде жүргізіледі. Науқас адамның бұрын қандай кеселмен сырқаттанғаны, оған нендей ем жүргізілгені, қанша рет «жедел жәрдем» шақырғаны тіркеледі. Соған қарап, оның денсаулығының жағдайы, алдағы уақытта қандай ем жасау керектігі анықталады. Мемлекет басшысы Жолдауында: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді.

Бұл - өте дұрыс қадам. Дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, науқасқа көбірек көңіл бөледі. Осы мәселені шешу үшін біздің емханамыз да 140 компьютер қосымша сатып алдық. Қазір емханамыз толығымен цифрлық нұсқаға көшті. Сондай-ақ қазір біз «DamuMed» бағдарламасын қолданып жүрміз. Бұл да цифрлық жүйеге көшудің алғашқы қадамы. Бұрынғыдай емес емханада кезек азайды. Науқастар дәрігерге ұялы телефон арқылы тіркеліп келуіне мүмкіндік бар. Елімізде жүрек қан-тамыр ауруы бірінші тұр. Елбасы жүрекке ота жасауға баса мән беріліп келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары барлық облыс орталықтарында жүрекке ашық және жабық ота жасайтын орталықтардың ашылғандығы ауыз толтырып айтар жаңалық. Осының нәтижесінде өмірі қыл үстінде тұрған көптеген адам ажал тырнағынан арашаланды. Елімізді алаңдатып отырған тағы бір мәселе - қатерлі ісік сырқаты. Кеселді ерте анықтау, емді уақытында бастау оң нәтиже беруде.

Ендеше, аурудың асқынғанынша өткізіп алмай, ерте анықтауға барынша күш салу керек. Жолдауда Президент осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керектігін айтты. Осылайша, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болатынын меңзеген Мемлекет басшысы елдің ертеңге деген сенімін нығайтты. Жалпы Елбасы Жолдауында айтылған проблемалардың барлығы өзекті. Оның ішінде медицина саласына ерекше көңіл бөлуі бізді қуантады.

Жеңіскүл РАЕВА,

Түркістан қалалық емханасының бас педиатры.

"Түркістан"