02 ақп, 2021 сағат 08:39

Пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мерзімі қысқартылады

Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мерзімі 2-ден 1 жылға қысқартылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, 2019 жылдың соңында ғарыштық мониторингті қолданудың заңнамалық базасы қалыптастырылды. 2020 жылдың басында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау бойынша пилоттық жоба еліміздің 4 облысында - Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында іске қосылды. Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар жер анықталды, оның - 7,6 млн гектары жайылым. 

«Аталған облыстардың әкімдіктері пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жеделдетіп, оларды ауыл шаруашылығы айналымына тартуды қамтамасыз етуі қажет. Осы жылдың қаңтарынан бастап ғарыштық мониторинг республиканың барлық аумағында қолданылуда. Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, оларды ғарыштық мониторинг деректері негізінде сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жүзінде емес электрондық SMS-хабарлама арқылы тапсыруға көшіру бойынша заң жобасы әзірленді. Ол қазіргі уақытта Үкіметпен пысықталуда. Бүгінде Жерді мемлекет меншігіне қайтару тетіктері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдар оларды барынша пайдалану шараларын қабылдауы қажет», - деді министр.