03 сәу, 2026 сағат 15:40

Президент Оқу-ағарту министрін қабылдап, білім саласын дамыту бойынша тапсырмалар берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдап, 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Ult.kz

Кездесу барысында министр оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл бастамалар жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленіп, мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Бастауыш білім мазмұнына жүргізілген талдау нәтижесінде оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық беру көзделіп отыр.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, білім беру жүйесін цифрландыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы 6760 мектепке енгізіліп, дипломдар мен аттестаттар цифрлық форматқа көшірілген. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өткен. Тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ-ассистенттерді пайдалану дағдыларын меңгеріп жатыр.

Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 184 білім беру нысаны іске қосылып, үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектеп мәселесі шешілген. Сонымен қатар, 209 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 1192 пәндік кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балабақша кезегі де екі есеге жуық қысқарған.

Кездесу қорытындысында Президент білім сапасын арттыру, қолжетімділікті кеңейту, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту, бюджет қаржысын тиімді пайдалану және саланы цифрлық трансформациялау бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізу маңызды екені атап өтілді.