03 сәу, 2026 сағат 15:43

Президент Шығыс Қазақстан облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында өңір басшысы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста оң динамика байқалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында өсім бар. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 838 млрд теңгеден асып, инвестициялық портфель 101 жобаны қамтыған.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 460 млрд теңгеге жуықтап, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 550 млрд теңгеден асқан. Ал сауда саласының көрсеткіші 2 460 млрд теңгеден жоғары болған.

Сонымен қатар, 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында тұрақтаған. Жалпы 29 мың адам жұмыспен қамтылған.

Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында биыл 17 440 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде бірінші тоқсанда 3 317 жұмыс орны құрылған. Әлеуметтік салада атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да азайып келеді.

Өңірде ауылдық аумақтарды дамыту мен қоныстанушыларды қолдау бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде «Шығыс шақырады» жобасы да бар. Инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп, өткен жылы жалпы ұзындығы 856 шақырым жол мен көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Кездесу қорытындысында Президент экологиялық жағдайды жақсарту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және туризмді дамыту бағытында жұмысты жалғастыруды тапсырды.