10 сәу, 2026 сағат 16:16

Президент: Соңғы 5 жылда ғылым саласына бөлінген қаржы 6 еседен асты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті. 

"Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым", - деді ол.


Президент ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды. 

«Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды. 

Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында", - деді ол.


Президент қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана беріліп, арнаулы гранттар бөлінгенін атап өтті. 

"Тағы бір мәселе. Ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше", - деді ол.