Фото: ашық дереккөз
Қазақстан кинематографистер лигасының төрағасы Айдар Баталовтың Мәскеуде өткен "ТМД-ға мүше мемлекеттердің Халықаралық экономикалық форумында" сөйлеген сөзі қоғамда қызу талқыланып, түрлі көзқарасқа себеп болды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Қазақстан кинематографистер лигасының төрағасы ретінде мен күн сайын біздің қандай күрделі, бірақ сонымен қатар мүмкіндіктерге толы кезеңде тұрғанымызды көріп жүрмін. Бүгін біз мұнда тек индустрияны талқылау үшін емес, ортақ мәдени кодымыздың болашағы туралы сөйлесу үшін жиналдық. Тәуелсіздік туралы көп айтылады. Бірақ шындыққа тура қарайық: кино кеңістігіміз бытыраңқы күйде тұрған кезде, біз әлі де осал күйдеміз. Менің де, Лиганың да ұстанымы айқын: бізге бірыңғай Еуразиялық дистрибуциялық кеңістікке бірігу қажет", - дейді өз сөзінде Айдар Баталов.
«Бірыңғай Еуразиялық дистрибуциялық кеңістікке бірігу қажет» деген мәлімдемесі бірқатар қоғам өкілдерінің сынына ұшырады. Олардың пікірінше, мұндай бастама елдің мәдени тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырады.
Қоғам белсендісі Қанат Рамазан бұл сөздерді «қауіпті сигнал» деп бағалап, «қазақ қоғамының пікірін ескермей, елді өзге мәдени кеңістікке кіріктіру дұрыс емес» екенін айтты.
"Бізден ештеңе сұрамай, күллі қазақ халқының пікірін күлтабаққа тастап, сіз бен бізді Ресейдің мәдени кеңістігіне кіргізіп тастап тұрғаны қалай? Басқаша қалай түсінуге болады?", - деп сұрақ қояды Қанат Рамазан.
Ал журналист Карим Қадырбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы кино дистрибуциясы тәуелсіз бағытта дамып келеді және отандық компаниялар шетелдік фильмдерді өз бетінше сәтті нарыққа шығарып отыр.
"2022 жылдың ақпанына дейін Голливуд, сондай-ақ еуропалық және азиялық фильмдер бізге ресейлік дистрибьюторлар арқылы келетін. Қазір жергілікті дистрибьюторлар шетелдік киномен өздері-ақ сәтті жұмыс істеп жатыр. Баталов неге қайтадан ортақ дистрибуцияны қайтарғысы келеді?
Шын мәнінде, ресейлік фильмдер Қазақстан кинотеатрларында әлі де көрсетіліп жатыр. Бірақ! Оларды көретін көрермен азайды. Мұны тек өз тәжірибемнен емес, таныстарым мен достарымның пікірінен және кассалық түсім статистикасынан да байқауға болады — қазақстандық көрерменнің ресейлік киноға қызығушылығы жыл сайын төмендеп келеді. Тіпті Голливуд өнімдеріне де қызығушылық азайып жатыр. Қазір басты назар — ұлттық кинода. Ал біздің кинематография бәсекеге қабілетті ғана емес, репертуарды қалыптастыратын деңгейге жетіп жатқанда, Лига әлдебір Ресеймен «ортақ мәдени кеңістік» туралы айтып отыр", - деп жазды Қадырбаев.
Осыған байланысты, Лига ұсынған бастама елдегі кино индустриясының қазіргі даму үрдістеріне қаншалықты сәйкес келетіні қоғам талқысына түсті.
"Соңғы үш жылда біздің продюсерлер, режиссерлер мен сценаристер қазақстандық киноны ел ішіндегі прокаттың 80%-дық үлесіне дейін жеткізді. Біздің фильмдер рекорд жаңартып, мәдениетіміз бен тұрмысымызды көрсетіп жүр. Сонда біз «құлдырап бара жатырмыз» және «осалмыз» екенін солар білмей ме, әлде бұл тек Мәскеудегі аудиторияға арналған сіздің қиялыңыз ба? Сахнадан айтып жүрген «құрыдым» деген қандай жағдай?", - деп сұрақ қояды Аида Мұсаева есімді қолданушы.
