09 жел, 2022 сағат 16:33

Тоқаев: ЕАЭО-ны дамытудың жаңа стратегиясын дайындауға қажеттілік жоқ


ЕАЭО-ны дамытудың жаңа стратегиясын дайындауға қажеттілік жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Әрине, бұл процесс бастапқыда ойлағандай тез жүріп жатқан жоқ. Мұның объективті себептері бар. Жекелеген мәселелер Тараптар үшін өте өзекті.

Прагматизм және әрбір қадамның жан-жақты пысықталуы жоспарланған мерзімде жүзеге асыруға деген ұмтылыстан басым болуы керек. Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл. ЕАЭО-ны дамытудың жаңа стратегиясын дайындауға, әсіресе ұлттық үкіметтердің құқықтарын шектеуге қажеттілік жоқ деп санаймыз» - деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, Одаққа мүше мемлекеттердің мүддесін көздейтін ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Әрине, елдеріміздің ұлттық мүдделері ескерілуі керек. 

Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, біздің кәсіпкерлеріміз де мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруі тиіс. Дегенмен көзделген көптеген интеграциялық бағыт бойынша біз әлі де «кібіртіктеп» тұрмыз. Мысалы, Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. БҰҰ-ның мәліметі бойынша бүгінде біз әлемнің цифрландырылған отыз мемлекетінің қатарына кіреміз.

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр.

Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз – жаңа цифрлық технология, крипто-экожүйе, финтех саласында жетекші рөл атқару. Бұл міндетті толық орындауға болады. Сонымен қатар Ресейдің, Беларусьтің және Арменияның мұндай салаларда тарихи тұрғыдан айтарлықтай тәжірибесі бар. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз» - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет.

«Қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі. Бір орында тұрып қалмай, жаңа тәсілдерді ұсыну маңызды. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер керек. Азаматтар интеграциялық жобаның пайдасын толық сезінуі керек.

Тағы бір сала – туризм. Бұл бағытта Одақтың әлеуеті зор, туризмнің барлық түрі бізге қолжетімді. Халықтар арасында интеграцияны ілгерілетуге жағдай жасайық. Комиссия үкіметтермен бірлесе отырып, осы салада маңызды әрі шынайы жобаларды әзірлей алады» - деп қорытындылады Қазақстан Президенті.