19 қар, 2018 сағат 22:39

ЖИТС-ке қарсы күрес айлығы басталды

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы биылғы науқан «Өз мәртебеңді біл» ұранымен өткізіледі. Науқанның мақсаты – қоғамның, әлеуметтік, саяси, діни және басқа да басшылардың назарын АИТВ (ВИЧ) және ЖИТС (СПИД) проблемасына аудару, қоғамдағы дертке көп болып, жұмыла қарсы тұруға үндеу. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта өткен баспасөз мәслихатында еліміз бойынша «Өз мәртебеңді біл» атты айлық 15 қарашадан басталып, науқанның 15 желтоқсанға дейін жалғасатыны жария етілді.

Жалпы, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) АИТВ инфекциясы 1993 жылы анықталды. Ал, 2018 жылдың 1 қазанына дейін өңірімізде осы дертпен 3 330 науқас тіркелген. АИТВ ауруын жұқтырғандардың 83,5%-ы 15-49 жас аралығында болып тұр. Қауіпті АИТВ инфекциясының тіркелуі Шымкент, Кентау, Түркістан қалалары мен Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандарында басым. Сондай-ақ, Шымкент қаласында да көптеп тіркелуде.

Дәрігерлер қауіпті дерттің төсек қатынасы арқылы (82,8%) көбірек жұғатынын айтуда. Керісінше, қан арқылы жұғу (11%) жолы кеміп келеді.

Түркістан облысында жыл сайын 370-380 мың адам тексеруден өтеді. Биыл 10 айда барлығы 355 283 адам тексерілді. АИТВ инфекциясымен өмір сүретін 1380 науқас ретровирусқа қарсы ем қабылдап жатыр. Тиімді терапияның және оның қолжетімділігін арттырудың арқасында қауіпті инфекция салдарынан орын алатын өлім және науқастану жағдайы азайып келеді. Тестілеу АИТВ статусын білуге және терапияны алуға мүмкіндік береді. Тестілеу және аурудан емделу тегін жүргізіледі. Бұл жүкті әйелдерден АИТВ жұқпасын уақтылы анықтауға және аурудың анадан балаға берілу жолдарының алдын алуға септігін тигізеді. Індет жұқтырған жүкті әйелдер 531 бала туды. Соның ішінде 516 ана сау сәбиді дүниеге әкелді. Яғни олардан АИТВ жұқпасы анықталмады.

Жиында аталмыш орталық дәрігерлері қауіпті аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану туралы әңгімелеп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».