24 жел, 2025 сағат 15:36

16 жастағы қыздың өлімі: сот қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айырды

Фото: ашық дереккөз

Қайғылы оқиға биыл 7 маусымда Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында тіркелген. Сол күні кәмелетке толмаған қыздың азапталған мәйіті табылған. Күдікті қылмыс ізін суытпай ұсталғанын сол кезде Түркістан облысының Полиция департаменті хабарлаған еді.

Тергеу барысында марқұм қыздың қылмысқа дейін отбасына тиесілі дүкенде кешке дейін жұмыс істеп, оны жауып, үйіне қайтып бара жатқаны анықталған. Сотта белгілі болғандай, 6 маусым күні түнгі сағат 00:30 шамасында айыпталушы қызға шабуыл жасап, оны зорлап, кейін тұншықтырып өлтірген.

Іс аса ауыр бірнеше бап бойынша тергелді. Атап айтқанда, адам өлтіру, зорлау және жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері бойынша айып тағылған. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында процесс жабық режимде өтті.

Сот үкімімен айыпталушы – Өзбекстан азаматы, марқұм жұмыс істеген дүкен маңында жалдамалы жұмыс істеген ер адам – өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленушінің туыстарына моральдық зиян үшін 50 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.