18 жел, 2025 сағат 15:33

Мереке қарсаңында алаяқтар белсенді: жалған ашықхаттар мен "арзан" жеңілдіктерден сақ болыңыз

Фото: Polisia.kz

Мереке күндері интернет-алаяқтар да әрекетін күшейтеді. Олар азаматтарды жалған жаңажылдық ашықхаттар, қауіпті файлдар және бағасы әдейі төмендетілген сыйлықтар арқылы алдауға тырысады. Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Ult.kz.

Алаяқтар көбіне анимациясы мен музыкасы бар «құттықтау ашықхаттарын» жібереді. Файл ашылған сәтте құрылғыға вирус еніп, банк карталарына, парольдерге және қосымшаларға қол жеткізуі мүмкін.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан сыйлықтар мен тауарлар туралы жалған хабарландырулар жиі кездеседі. Сатушы жәбірленушіні ақшаны шұғыл аударуға көндіріп, төлем жасалғаннан кейін бірден байланысқа шықпай қояды.

Мамандардың айтуынша, алаяқтар сенімді көріну үшін жалған аккаунттар мен қолдан жасалған пікірлерді белсенді пайдаланады.

Қауіпсіздік үшін азаматтарға бейтаныс сатушыларға алдын ала ақша аудармауға, аккаунттың тарихы мен пікірлерді мұқият тексеруге, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасауға және күмәнді файлдар мен сілтемелерді ашпауға кеңес беріледі.

Мамандар қауіпсіздік кез келген «тиімді ұсыныстан» маңызды екенін ескертеді.