02 ақп, 2026 сағат 10:40

Аида Балаева қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Фото: Gov.kz

Бүгін Қазақстанда Ұлттық басылым күні атап өтілуде, деп хабарлайды Ult.kz.

Айтулы дата отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналатын «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген күнмен тұспа-тұс келеді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл күннің маңыздылығына тоқталып, ұлттық басылымдардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, 1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрген «Қазақ» газеті қазақ халқының бірлігін нығайтып, елдік сананың қалыптасуына зор үлес қосты. Содан бері газеттер мен журналдар мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді күшейтіп, ашық қоғам құруға қызмет етіп келеді.

Министр қазіргі таңда қазақстандық басылымдар аға буын қалыптастырған игі дәстүрді лайықты жалғастырып отырғанын айтты. Мемлекет басшысы жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ұлттық баспасөздің «ренессанс кезеңіне» қадам басқанын атап өткен болатын.

Сондай-ақ, интернет пен цифрлық технологиялардың дамуы ұлттық басылымдардың аудиториясын кеңейтіп, олардың елдің медиа кеңістігіндегі орнын нығайта түскені айтылды. Ұлттық басылымдарды қолдау Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Осы орайда Аида Балаева салада еңбек етіп жүрген барша журналистер мен медиа мамандарды кәсіби мерекемен құттықтап, елдегі реформалар мен маңызды бастамаларды халыққа жеткізудегі еңбектері үшін алғыс білдірді. Министр шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат және толайым табыс тіледі.