02 ақп, 2026 сағат 12:16

ҚазҰТОБ театрында «Абай» операсының жаңартылған нұсқасы сахналанды

Фото: ҚазҰТОБ театры баспасөз қызметі

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің аңызға айналған «Абай» операсының жаңартылған нұсқасының премьерасы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Сексен жылдан астам уақыт бойы бұл шығарма ұлттық опера өнерінің жауһары әрі театрдың айрықша бет-бейнесі саналып келеді.

Премьера қарсаңында өткен баспасөз конференциясында қойылым тобы жаңартылған спектакльдің тұжырымдамасын, көркемдік және музыкалық шешімдерін, сондай-ақ классикалық түпнұсқамен сабақтастықты сақтау қағидаттарын кеңінен таныстырды. Қойылымның рухани өзегі саналатын ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр мен заманауи ойдың тоғысуы мәселесіне ерекше мән берілді.

Фото: ҚазҰТОБ театры баспасөз қызметі

Жаңа сахналық нұсқаның басты ерекшелігі – классикалық шығарманы бүгінгі заманның көзқарасы арқылы пайымдай отырып, оның философиялық тереңдігін сақтап қалуы. Режиссерлік тұжырымдама Абайдың ішкі жан дүниесін, адамгершілік таңдауы мен өз дәуірімен рухани қайшылығын тереңірек ашуға бағытталған.

Қойылымның сценографиясы мен визуалдық шешімдерінде елеулі жаңашылдықтар енгізілді. Қойылым суретшісі Есенгелді Тұяқов сахналық кеңістікті уақыттың, жадының және халық тағдырының символы саналатын даланың жинақталған бейнесі ретінде ұсынды. Минималистік декорациялар терең мағыналық акценттермен толықтырылып, көрермен назарын кейіпкерлер мен драматургияға шоғырландырды.

Баспасөз конференциясында костюмдік шешімдер де таныстырылды. Рауан Қайруллаева жасаған сахналық образдар тарихи формалар мен ұлттық нақыштарды сақтай отырып, заманауи көркемдік тұрғыда қайта пайымдалған.

Фото: ҚазҰТОБ театры баспасөз қызметі

Музыкалық партитура өзгеріссіз қалдырылды. Қойылым тобы шығарманың түпнұсқалық музыкалық құрылымын сақтап, басты назарды жаңа сахналық оқылымға, темпоритм мен драматургиялық екпіндерге аударған. Бас дирижер Нұржан Байбосыновтың басқаруымен оркестр, хор және солистер партитураның ауқымы мен мазмұнын тұтас әрі үйлесімді түрде жеткізді.

Қойылым режиссері Фархат Молдағали атап өткендей, жаңа редакцияда ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы айрықша мәнге ие. Алғашқы классикалық қойылым мен заманауи оқылым арасындағы рухани байланыс музыкалық мәтінге, кейіпкерлер бейнесіне және шығарманың философиялық өзегіне деген құрмет арқылы сақталған.

Премьера толық аншлагпен өтіп, көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болды. Қойылым соңында әртістер мен шығармашылық топ ұзақ қол шапалақтауға бөленіп, көрермендер жаңа қойылымға театр репертуарында ұзақ ғұмыр тіледі.