Фото: Үкімет
Президенттің бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Астанада баламасы жоқ жаңа шаңғы базасы салынды. Бұл туралы Жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Думан Алимов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, жаңа спорт нысанында БЖСМ, олимпиадалық резервті дайындау орталығы мен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері орналасады. Нысан қаланың жаттықтырушылар штабын біріктіреді және спортшылардың жүйелі өсуіне жағдай жасайды.
"Мемлекет басшысының елімізде бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасы аясында спорттық инфрақұрылым дамуда. Осындай нысандардың бірі – бұл шаңғы базасы. Шаңғы базасының құрылысы 2025 жылдың сәуірінде басталып, 2026 жылдың қаңтарында аяқталды. Бұл нысан шаңғы спортын дамыту, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі спортшыларды даярлау үшін негізгі алаңға айналады", — деп атап өтті Думан Алимов.
Ауданы 2 мың шаршы метр екі қабатты ғимараттың өткізу қабілеті тәулігіне 300 адамға дейін жетеді. База барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған: шаңғыларды дайындау және сақтау орындарынан бастап, жаттығу және фитнес залдарына дейін қарастырылған.
Инновациялық жабдықтарға ерекше назар аударылады. Базада «Тредбан» бірегей тренажері орнатылған, ол үшін жеке зал бөлінген. Жабдық ауа-райының жағдайына қарамастан жыл бойына техниканы жетілдіруге және төзімділікті дамытуға мүмкіндік береді. Тренажер мамандардың қадағалауымен жүктемелерді қауіпсіз бақылауды қамтамасыз етеді.
Шаңғы жарыстарынан басқа, базада биатлон және спорттық бағдарлау дамитын болады. Бастапқы кезеңде мұнда 15 жаттықтырушының жетекшілігімен 180-ге жуық спортшы жаттығады. Кейіннен келуді 360 адамға дейін арттыру жоспарлануда.
Жобаның маңызды ерекшелігі – оның қол жетімділігі: базада спорт мектебінің кәсіби тәрбиеленушілері ғана емес, әуесқойлар да жаттыға алады. Бұқаралық спорт үшін қала тұрғындарына нысанның трассалары мен инфрақұрылымын ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалатын болады.
