Фото: ашық дереккөз
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен 2026–2031 жылдарға арналған Қазақстанмен әріптестіктің жаңа негіздемелік стратегиясы бойынша консультациялық кездесу өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесуді ашқан вице-премьер екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтіп, 2031 жылға дейінгі өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындайтын құжатты әзірлегені үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, ұсынылған стратегия реформаларды сараптамалық қолдау, қаржыландыру және бірлескен бастамалар арқылы іске асыруға берік негіз қалайды.
Басым бағыттар
Жаңа стратегия жобасында көлік және цифрлық байланысты дамыту, су және энергетика секторларындағы қызмет сапасын арттыру, қаржы нарығын жетілдіру, жеке инвестицияны ынталандыру, климаттық саясатты күшейту және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізу секілді бағыттар қамтылған. Бұл басымдықтар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму стратегияларымен үйлеседі.
Дүниежүзілік банк алдағы алты жыл ішінде жыл сайын 1 млрд долларға дейін қаржыландыруға дайын екенін білдірді. Вице-премьердің айтуынша, бұл жеке секторды нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Сондай-ақ реформаларды талдамалық сүйемелдеу Үкімет пен Банк арасындағы бірлескен Экономикалық зерттеу бағдарламасы аясында жалғасады.
Алдыңғы стратегияның нәтижелері
Кездесуде 2020–2025 жылдарға арналған алдыңғы стратегияның қорытындылары шығарылды. Осы кезеңде жалпы сомасы 4,2 млрд долларды құрайтын 14 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін дамыту, «Алматы – Қорғас» автожолын жаңғырту, ирригациялық және дренаждық жүйелерді қайта құру жобалары бар.
Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түркіменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев өткен кезең пандемия және өзге де сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, бірлескен жұмыстың нақты нәтижелер бергенін атап өтті. Оның айтуынша, көлік жобалары нәтижесінде 5 миллионнан астам адам үшін байланыс жақсарып, жол жүру уақыты айтарлықтай қысқарған, көлік шығындары 35%-ға төмендеген. 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылған.
Шағын және орта бизнесті қолдау аясында мыңнан астам кәсіпорынға гранттық және консультациялық көмек көрсетілді. 175 стартап 41 млн доллар көлемінде сатылым жасап, 16 млн доллар инвестиция тартқан.
Ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту 92 мың гектар жердегі су пайдалану тиімділігін арттырып, 60 мың фермерді қоса алғанда 94 мың су пайдаланушының жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген. 763 шақырым арна жаңартылып, аграрлық секторда өнімділік өскен.
Инвестициялық жоспарлар
Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қолдау және жеке инвесторларды тарту бағытындағы жұмысты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Мысал ретінде «ҚТЖ» қатысуымен Алматы айналма теміржолын қаржыландыру жобасы аталды.
Алдағы кезеңдегі басымдықтар қатарында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, қаржы институттары арқылы шағын бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу және астықты терең өңдеу жобаларын қаржыландыру бар.
Кездесу қорытындысында тараптар стратегия жобасын айтылған ұсыныстарды ескере отырып пысықтап, оны Дүниежүзілік банктің Директорлар кеңесінің қарауына ұсынуға уағдаласты.
