10 ақп, 2026 сағат 13:30

ChatGPT-ді 2 миллионнан астам адам пайдаланады – министрлік

Фото: businessinsider.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуына қатысты мәселе көтеріп, Qazaq LLM, Alem LLM және ChatGPT жүйелерін нақты пайдаланушылар саны бойынша салыстыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанда әзірленген жасанды интеллект жүйелерінің қаншалықты танымал екенін сұрады. Әсіресе, отандық Qazaq LLM мен Alem LLM модельдерін шетелдік өнімдермен, соның ішінде ChatGPT-пен салыстырғанда қанша адам қолданатынына қызығушылық танытты.

Цифрлық даму вице-премьері әрі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, елімізде екі ірі тілдік модель жасалған.

«Бұл модельдер 40-тан астам цифрлық жүйеге енгізілген. Олардың қатарында eGov AI, Tasbol және басқа да сервистер бар. Модельдер ашық қолжетімді, оларды IT-компаниялар, стартаптар, студенттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары пайдалана алады. Дегенмен, бұл жүйелердің сапасын үнемі жақсартып отыру қажет», – делінген министрлік хабарламасында.


Министрдің сөзінше, әлемдік жетекші компаниялар, атап айтқанда OpenAI мен Anthropic, өз модельдерін тұрақты түрде жаңартып отырады. Сондықтан Қазақстан да жасанды интеллектіні үздіксіз дамытуы тиіс. Бұл бағытта халықаралық мамандармен бірлескен жұмыс жалғасады.

Президент нақты статистикалық деректерге де тоқталды. Министрліктің мәліметінше, Qazaq LLM жүйесіне 600 мыңнан астам сұраныс тіркелген. Ал ChatGPT-ті Қазақстан халқының шамамен 13 пайызы, яғни 2 миллионнан астам адам қолданады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақстандық Aitu мессенджерінің аудиториясына назар аударды. Министрдің айтуынша, Aitu қолданушыларының саны 700 мыңнан асып, 1 миллионға жақындаған. Алайда Президент бұл деректердің нақтылығына күмән келтіріп, көрсеткіштерді қайта тексеру қажеттігін атап өтті.