05 ақп, 2026 сағат 18:36

Дәстүр мен достық тоғысқан кеш: Қытай Елшілігі Астанада Көктем мерекесіне арналған қабылдау өткізді


Фото: Қазақстандағы Қытай елшілігі

4 ақпанда Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Қытай Жаңа жылы қарсаңында салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Сондай-ақ «Сәлем, Қытай!» Жібек жолының көктемгі әуені» атты Қытай туризмін насихаттау іс-шарасын өткізді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

4 ақпан Қытайдың жиырма төрт маусымдық кезеңінің бастауы - Личунь күні. Көктемнің бастауы - тіршіліктің жаңғыруын, үміт пен жер қойнауын жарып шыққан жасампаз күшті бойына сіңірсе, Жаңа жыл Көктем меркесі-қауышу қуанышын, шаттық пен өткенді сабақтастыра отырып, болашаққа бет түзеген жаңа бастамаларға деген сенімді айшықтайды. 

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлиннің айтуынша осы Личуньнің «Чунь» сөзі мен Жаңа жылдың «Жаңару» мәні бізге Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың келешек бағытын айқын көрсеткендей. Бұл-дәстүрлі достықты берік негіз ете отырып, жаңашылдыққа жол ашу арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты сапалық жаңа деңгейге барынша көтеру.


Фото: Қазақстандағы Қытай елшілігі

Елші мырза өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік соңғы кезеңде айтарлықтай нығайып, жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен саммиттер арқылы саяси сенім тереңдегенін, екі ел халықаралық және өңірлік мәселелерде бір-бірінің негізгі ұлттық мүдделерін қолдап, БҰҰ мен көпжақты ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты күшейтіп отырғанын сөзге тиек етті. Сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып, тауар айналымы рекордтық деңгейге жеткенін, логистика, энергетика, инфрақұрылым және жаңа технологиялар салаларында нақты нәтижелер байқалғанына да баса назар аударды. Сонымен қатар мәдениет, білім, туризм және жастар алмасуы жанданып, визасыз режим мен «туризм жылдары» гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге көтерді деп есептейді Хан Чуньлин мырза.

"Көктем мерекесі -бейбітшілік пен келісімді, татулық пен үйлесімді дәріптейтін қытай өркениетінің терең философиясын бойына сіңірген ұлық мейрам. Қытай халқы осы мерекенің мәдени шуағын әлем жұртшылығымен бөлісуге әзір, адамзат өркениетінің сан алуандығына жаңа серпін қосуды мақсат етеді", - деді елші қонақтарға.


Сонымен қатар оның айтуынша елшілік бұдан былай да алтын көпір ретіндегі рөлін атқарып, екі елдің мәдениет пен туризм салаларындағы өзара ықпалдастығын тереңдетуге жан-жақты қолдау көрсететін болады. 

"Қытай мен Қазақстан халықтары осындай тығыз қарым-қатынас пен өзара сапарлар арқылы өзара түсіністік пен шынайы достықты нығайта түсетініне кәміл сенеміз. Қытай–Қазақстан қатынастары мол серпінмен «шапқылай берсін»! Екі ел арасындағы барлық салааралық ынтымақтастық серпін тұлпардай «жүйіткей берсін»! Баршаңызға әр істеріңіз оңынан туып, бастамаларыңыз «сәтімен болсын»!" - деп ақ тілегін жаудырды ол.


Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов көктем мерекесіне қонақ болғанына алғыс білдіріп, жылы лебізімен бөлісті. Ол өз сөзінде көктем мерекесінің Қытай мәдениетіндегі маңызы, оның халықтарды жақындастыратын құндылықтарын атап өтті. Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог пен мәңгілік стратегиялық әріптестіктің нығайғаны, әсіресе мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың рөлі ерекше көрсетіледі деді.


Фото: Ult.kz

Вице-министрдің сөзінше екі елде мәдени орталықтардың ашылуы және 2026 жылдың Қазақстан мен Қытайдың Мәдениетінің өзара жылы деп жариялануы маңызды қадам. Сондай-ақ Қытай Жаңа жылына арналған бірлескен мәдени іс-шаралар жоспарланғанын айтып, бұл бастамалар екі халықтың достығы мен өзара түсіністігін одан әрі тереңдетуге бағытталғанын жеткізді.

"Жоғары деңгейдегі қарқынды әрі мазмұнды саяси диалогтың арқасында мемлекеттеріміз арасындағы мәңгілік стратегиялық әріптестік бұрын-соңды болмаған жаңа даму мен өзара түсіністік көкжиегіне көтерілді. Осы орайда мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың орны айрықша. Екі ел арасындағы мәдени өзара іс-қимыл серпінді дамып, музыкалық және театр өнері салаларындағы фестивальдер, конференциялар, форумдар, байқаулар, музейлік көрмелер мен өзге де көптеген іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Сондай-ақ, елдеріміздің мәдени орталықтар ашу жөніндегі уағдаластықтарын ерекше атап өткім келеді. Өткен жылдың қыркүйек айында Бейжің қаласында Қазақстанның Мәдени орталығы ашылды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Астанада Қытайдың Мәдени орталығын ашу қарсаңында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімді білдіремін. Бұл екі орталық халықтарымыздың рухани жақындасуына ықпал ететін маңызды әрі сұранысқа ие алаңдарға айналатынына сенімдімін. Сонымен қатар, 2026 жыл Қазақстан мен Қытайдың Мәдениетінің өзара жылы деп жарияланғанын ерекше атап өткім келеді. Осы жылдың аясында екі елде де халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайтуға бағытталған мазмұнды мәдени іс-шаралар бағдарламасы жүзеге асырылмақ", - деді Айбек Сыдықов. 


Кеште қонақтар батпырауық жасау, қанттан өрнек салу, қағаз қию секілді қытайдың қойнауы терең мәдени мұраларымен жақыннан танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татты және туристік таныстырылым кеші өтті.

Аталған іс-шара Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетті. Көктем мерекесі аясындағы қабылдау мен іс-шаралар екі халықтың өзара түсіністігі мен достығын нығайтуға, мәдени ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Тараптар алдағы уақытта да мәдениет пен туризм саласындағы әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Фото: Ult.kz


Фото: Ult.kz




Фото: Ult.kz

Фото: Ult.kz