19 ақп, 2026 сағат 10:06

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент өз құттықтауында Рамазан айының күллі мұсылман қауымын рухани тазаруға, жанашырлық пен қамқорлыққа үндейтін ерекше кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, ораза шыдамдылық пен төзімділікті нығайтып, қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық секілді асыл қасиеттерді дәріптейді.

Мемлекет басшысы қазіргі күрделі жаһандық ахуал жағдайында Рамазанның рухани құндылықтарын терең түсініп, кемел санада қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

"Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты. Жаңа халықтық Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын Негізгі Заң болмақ.
Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады.
Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі.
Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қоғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа шапағатын тигізетіні сөзсіз.
Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!", - делінген жазбада