07 ақп, 2026 сағат 22:35

ҚАЗАҚКОНЦЕРТТЕ «КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ


Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Конституция – тәуелсіздіктің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жаңа жобасы талқыланды. 

Жаңартылған Конституция жобасы мемлекеттік басқару принциптерін және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара әрекетті терең қайта ойлау кезеңін көрсетеді. Ұсынылған өзгерістер құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға және адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдіктерді кеңейтуге бағытталған. Кездесуге қатысушылар реформаның құндылықтық және гуманитарлық қырларына назар аударып, жаңа нормалардың қоғамдық санаға әсері жайында ой бөлісті. 


– Алдыңғы кезекте Ата Заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылымға, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, мәдениет пен инновацияға басымдық берілгені көңіл қуантады. Бұл 3 баптың 1 тармағында айқын жазылады. Одан бөлек 40-бапта Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi екендігі айтылған. Себебі еліміздің болашағы адами капиталға, азаматтардың білімі мен жетістіктеріне негізделетінін көрсетеді. Мұндай бағыт жастардың әлеуетін ашуға, шығармашылық пен зияткерлік дамуды қолдауға жол ашады, - деп атап өтті Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Абдуалиев.



Жиында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай өнер адамдарының шығармашылығына қолдау көрсету жөнінде өз ойымен бөлісті.

– Қазір өнердің барлық саласы жан-жақты дамып келеді. Атап айтқанда, ұлттық өнер, классикалық өнер, эстрада өнері, қазақ би өнері, хор өнері, кино және театр өнерінің дамуын атап өтуге болады. Мысалы, «Қазақконцерт» ұйымындағы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығында халықтың әні, жыры, күйі мен дастаны кеңінен қамтылған. Демек, орталықтың негізгі міндеті – Конституцияда көрсетілгендей, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау қызметін атқару. Бұдан бөлек, жаңа реформалар ұлтымыздың мәдениеті, менталитеті және әлеуметтік мәселелердің дамуына, сондай-ақ қоғамның білім деңгейі мен зияткерлік әлеуетінің артуына ықпал етеді.


Келесі сөз кезегі Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония камералық хорының бас дирижері Гүлмира Құттыбадамоваға ұсынылды.

— Қазір біз тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне, цифрландыру ойлау жүйеміз бен санамызды түбегейлі өзгертіп, өз ықпалын тигізуде. Уақыттың осы шынайы талаптары мен сын-қатерлері, сөзсіз, өзгерістер мен жаңарулардың қажеттілігін алға тартады. Конституция жобасымен мұқият танысып шықтым. Мені шығармашылық адам, мәдениет қайраткері және педагог ретінде ең алдымен жаңа Конституцияның басты идеясы - білім, ғылым, мәдениет және инновацияға баса назар аударғаны қуантты. Бұл жаһандық әлем жағдайында қоғамымыздың даму парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің зайырлы сипаты бөлек атап көрсетілген. Сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау туралы ережені маңызды деп санаймын: Конституция деңгейінде мемлекеттің азаматтардың зияткерлік құқықтарын қорғауды өз міндетіне алатыны бекітілген. Бұл – мәдениет пен шығармашылықтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, еркін шығармашылықпен айналысуға жағдай жасайтын аса маңызды қадам. 

Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар елдің ұзақ мерзімді жаңғыруы контексінде алдағы өзгерістердің маңыздылығына тоқталды. Олар мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі рөлін күшейтетін механизмдерді егжей-тегжейлі қарастырып, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруда сол мәдениет пен өнердің қалай көмектесетіндігі жөнінде пікір білдірді. 
Бұдан бөлек, жиынға қатысушы қонақтар алда референдум өткізу бастамасының халық кеңесі арқылы жүзеге асатынын атап өтті. 

Кездесудің қорытындысы бойынша шығармашылық бастамаларды одан әрі қолдауға қатысты ұсыныстар тыңдалды. Мәдениет саласының өкілдері жаңартылған Конституцияның таланттарды ашуға және ұлттық мұраны қорғауға берік негіз қалыптастыратынын және ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамыту үшін шешуші шарт екендігіне баса назар аударды. 
Аталған жиынға мәдениет және өнер саласының өкілдері және «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдарының көркемдік жетекшілері қатысты.