05 қаң, 2026 сағат 11:12

Қазақстан киберполициясы 2025 жылы шетелде 7 call-орталықты жойды

Фото: ІІМ

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, дәстүрлі қылмыстардың басым бөлігі интернет кеңістігіне көшіп, алаяқтар заманауи технологияларды пайдалана бастаған, деп хабарлайды Ult.kz.

– Мұндай қылмыспен күрес үш бағытта жүргізілуі керек: заңнамалық, техникалық және профилактикалық шаралар. Осы үшеуі қатар іске асқанда ғана киберқылмысты тоқтатуға болады, – деді ол.


2025 жылы байланыс операторларымен бірлесіп, 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталған. Ал жүйе іске қосылғаннан бері барлығы 85 миллионнан астам күмәнді қоңырауға тосқауыл қойылған.

Сонымен қатар қылмыстық топ құру және басқару деректері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған, оның біреуі трансұлттық сипатқа ие. Қабылданған техникалық шаралардың нәтижесінде 100 мыңнан астам sim-карта тәркіленіп, 88 sim-box алынған.

Өткен жылы тәртіп сақшылары шетелде 7 call-орталықтың, ал Қазақстан аумағында 6 call-орталықтың қызметін тоқтатты.

ІІМ өкілдері азаматтардың құқықтық, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Полиция алаяқтықтан қорғану үшін кибергигиена ережелерін сақтауға кеңес береді: күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк карталарын бөгде адамдарға бермеу және жеке деректерді жария етпеу қажет.