19 ақп, 2026 сағат 17:27

Кинонарықтағы қайшылық: касса өсіп келеді, зал жетіспейді

Фото: newslab.ru


Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кинотеатрлардың қызметіне қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді.  Осы орайда Ult.kz тілшісі жақсы касса жинаған отандық фильмдерді тізбектеп көрді.


Қазақстан кино кеңістігінде соңғы жылдары тосын парадокс қалыптасты: бір жағынан, касса миллиардтармен өлшенеді, екінші жағынан, кинотеатр саны ұлттық сұранысты өтей алмай отыр.


Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында елдегі киноинфрақұрылым ахуалын нақты деректермен көрсетті. Бүгінде Қазақстанда 404 кинозалы бар 100-ге жуық кинотеатр жұмыс істейді. Ал сараптамалық бағалау бойынша қажеттілік – кемінде 2000 зал. Бұл – жай статистика емес. Бұл – ұлттық киноның таралу географиясына тікелей әсер ететін мәселе.


Қалада экран бар, ауылда мүмкіндік жоқ


Кинотеатрлардың басым бөлігі ірі қалаларда орналасқан. Өңірлерде, шағын қалалар мен ауылдарда тұрақты кино көрсету инфрақұрылымы жоқтың қасы. Соңғы бес жылда отандық фильмдерге сұраныс артқанына қарамастан, зал саны көбеймеген.


Жыл сайын шамамен 400 фильм прокатқа шығады. Соның ішінде қазақстандық картиналардың үлесі жыл сайын өсіп келеді:


2021 жылы – 31 фильм;
2022 жылы – 60 фильм;
2023 жылы – 79 фильм;
2024 жылы – 94 фильм;
2025 жылы – 103 фильм.



Сан өсіп келеді. Бірақ экран аз. Салыстыру үшін: 68 миллион халқы бар Францияда 7000-ға жуық кинотеатр бар. Яғни 10 мың тұрғынға – бір зал. Бұл көрсеткішке мемлекет қолдауымен жеткен. Ал бізде мемлекеттік қолдау кинотеатрларға емес, көбіне өндіріс саласына бағытталған.


Министрдің айтуынша, кинотеатрлар табыс әкелетін жеңіл ойын-сауық картиналарын көрсетуге бейім. Ұлттық фильмдерді тұрақты көрсету міндеті заңнамалық тұрғыда бекітілмеген. 2019 жылы қабылданған Кинематография туралы заң әзірленген кезде мұндай норма қарастырылғанымен, реттеушілік әсерді талдау оң қорытынды бермеген. Себебі бұл жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне әсер етеді. Демек, ұлттық кино нарық заңдылығына толық тәуелді.

 

2025 – миллиардтар сөйлеген жыл


2025 жыл Қазақстан кино нарығы үшін ерекше кезең болды. Халықаралық блокбастерлер мен отандық фильмдер арасындағы бәсеке бұрын-соңды мұндай қарқын алған емес.


Мәселен, әлемдік анимациялық хит Аңдар шаһары 2 Қазақстанда 2 миллиард теңгеден аса касса жинап, жылдың көшбасшыларының біріне айналды. Бұл  жаһандық контенттің ықпалы әлі де күшті екенін көрсетеді.

Алайда басты жаңалық – қазақ фильмдерінің бұрын болмаған қаржылық нәтижеге жетуі.

Миллиардтан асқан отандық жобалар:

 

«Таптым-ау сені» – шамамен 1,8 млрд теңге;
«Ыстық ұя» – 1,7 млрд теңгеден астам;
«Дәстүр» – 1,7 млрд теңгеге жуық;
«QAITADAN» – 1 млрд теңгеден асқан.

 


Бұл – кездейсоқ табыс емес. Бұл – көрермен талғамының өзгергенінің дәлелі. Соңғы жылдары ұлттық кино жанрлық тұрғыда батыл қадам жасады. Комедия, әлеуметтік драма, отбасылық хикая – барлығы да көрермен өмірімен астасып жатыр. Экраннан көрермен «өзін» іздейді. Ал продюсер соған жауап беріп отыр.


Прокатта ерекше нәтиже көрсеткен картиналардың бірі – «Ауру». 21+ санатымен шыққан психологиялық триллер миллиард теңгеден астам табыс жинады. Бұл  көрерменнің тек жеңіл комедияға ғана емес, күрделі әрі ауыр тақырыптарға да дайын екенін көрсетті.


Коммерциялық табыстың тағы бір мысалы – «Бишарашки». Бұған дейін қалыптасқан аудиториясын сақтап қалған жоба 2025 жылы да миллиардтық межеден асты.


Сол сияқты Келінжан сериясының кезекті бөлімі де тұрақты көрерменін жоғалтпай, жоғары касса көрсетті.

Бұл деректер бір нәрсені айқын аңғартады: қазақ киносы коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі ақтай алатын деңгейге жетті.

 

2026 комедиядан драмаға ауысқан жыл

 

2026 жыл басталмай жатып-ақ жаңа жобалар легі жарияланды. Алайда негізгі сұрақ өзгермейді: өндіріс қарқыны сапамен қабысып отыр ма? Күтіліп отырған жобалар арасында:

 

«Құшақташы, мама», «Тастамашы, мама», «Пейіш-2» – ана мен бала арасындағы нәзік байланысты арқау ететін драмалар;
«Ғашықпын саған» алғашқы махаббат, нәзік сезім туралы фильм;
«Охота на розового зайца» психологиялық триллер жанры;
«Ерекше» спорттық мотивациялық драма;
«Копы в кино: Операция 667» экшн мен комедия;
«Последняя любовь» махаббат драмасы;
«Черный двор в кино» Қазақстан Қырғызстан бірлескен жоба.



Жанрлық әртараптандыру байқалады. Бұл оң үрдіс, бірақ сарапшылар сценарий сапасы, режиссерлік батылдық, актерлік мектеп деңгейі туралы алаңдаушылық білдіреді.


Бүгінгі көрермен әлемдік стриминг платформаларын көреді. Демек, ол салыстырады. Ал салыстыру бар жерде талап та жоғары. Кассалық табыс тек қаржы көрсеткіші емес, ол қоғамдық сұраныстың өлшемі. Егер фильмге миллиардтаған теңге жиналса, демек миллиондаған көрермен билет алған. Алайда ұлттық кино тек табыс табатын құралға айналып кетпеуі керек. Ол қоғамдық ой қалыптастыратын, тіл мен құндылықты сақтайтын мәдени алаң.

Бүгінгі жағдай күрделі. Атап айтқанда, өндіріс саны өсіп келеді, көрермен бар, касса рекорд жаңартып жатыр, бірақ инфрақұрылым жеткіліксіз, ал сапа мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Егер мемлекет кинотеатр инфрақұрылымын дамытуға батыл қадам жасаса, ал киноөндірушілер мазмұн мен нарық тепе-теңдігін сақтай алса қазақ киносының жаңа дәуірі басталуы мүмкін.

Ақбота Мұсабекқызы