Фото: pinterest
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымыҚасиетті Рамазан айы келді. Бұл айда қазақ халқының басым бөлігі ораза тұтып, ішіп-жеуден тыйылып, рухани тазалыққа, мейірімге ұмтылады. Оразаның негізгі шарттары барлық мұсылманға ортақ болғанымен, әр халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне байланысты Рамазан айын өткізудің өз ерекшеліктері бар.
Түркия мен Таяу Шығыс елдерінде Рамазан ерекше мерекелік атмосферамен өтеді. Кей жерлерде адамдарды сәресіге оятатын дәстүрлі дабылшылар жүреді. Кешкі ауызашар қоғамдық алаңдарда, саябақтарда үлкен дастарқандарда беріледі.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдері яғни Малайзия, Индонезияда Рамазан айында қоғамдық өмір ерекше жанданады. Қала, қоғамдық орындардың бәрі безендіріледі. Кешкі уақытта арнайы базарлар ашылып, ауызашарға келген адамдар кешкі базарды мәдени ортаға айналдырады.
Ораза – тек аш жүру емес
Өз елімізге келер болсақ, бізде Рамазан көбіне отбасылық құндылықтармен тығыз байланысты. Ауызашар кезінде туыстар мен көршілер шақырылып, дастарқан жайылады. Одан бөлек қазақ даласына ислам тараған кезде келген дәстүр балалар көше, үйді аралап жарапазан айтады, үлкендер кішіге бата береді.
Қарап отырсақ өте жылы, мейірімге толы мереке. Алайда кейде ауызашарға жайылған дастархан бәсекеге айналып, ысырапқа әкеледі. Кейде ораза тұту тек ішіп-жеуді тиюмен ғана шектеліп, ой, ниетті тазартып, мінез тәрбиелеу секілді рухани мәні ұмыт қалып жатады. Түкірікті жұтып қоймас үшін көшеге, қоғамдық орындарда түкіре салу исламдағы тазалық пен айналаңа құрмет деген түсінікті құнсыздандырады.
Пайым
Әрине шын мәнінде діннің өзі көркем. Рамазан айының түп мақсаты да мағыналы, әдемі. Сол мақсатына сай бұл кезеңде ораза тұтушылар ерекше мейірім, сабыр, көркем мінез үлгісін көрсеткендері абзал. Дінді сүйкімді не сүйкімсіз ететін - адамы.
Айнала дінді оны ұстанған жанның әрекеті мен қатынасынан танитынын ұмытпайық. Мереке жылулық пен ізгілікке толы болсын!
Динара Болат
