Фото: Сейтхан Азатұлының жеке мұрағатынан
Кезең-кезеңімен шәкіртақыны арттыру аясында, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриаттағы шәкіртақы мөлшері – 52 372 теңге, магистратурада – 117 098 теңге, докторантурада – 262 500 теңге болып белгіленді. Осылайша, бакалавриат деңгейіндегі шәкіртақы 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге, ал магистратура мен докторантура деңгейінде 1,75 есеге артты. Ағымдағы жылы Қазақстанда 10 439 орынға арналған 29 студенттік жатақхана салынды. Ал соңғы алты жылда ел бойынша 256 студенттік жатақхана пайдалануға беріліп, алдағы жылдары олардың санын одан әрі арттыру жоспарланып отыр. 2024 жылы елде 11 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Ал биылғы жылы жетекші шетелдік университеттердің тағы 10 филиалы ашылды. Олардың қатарында Ақтөбе өңірлік университеті (Қ. Жұбанов атындағы) базасындағы Heriot-Watt University, Тараз өңірлік университеті (М. Дулати атындағы) базасындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасындағы Гази университетінің (Түркия) филиалы, Нархоз университеті базасындағы Куинс университетінің (Ирландия) филиалы және басқалар бар. Сонымен қатар, Астанада МГИМО-ның (Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты) филиалы үшін жеке ғимарат салынатын болады. Шетелдік студенттердің саны 30 мың адамға жетті. Осы орайда Ult.kz тілшісі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің инженерлік бейінді зертханасының жетекшісі, сонымен бірге тау-кен саласы бойынша инжиниринг орталықтың наноматериалдар және нанотехнологиялар зертханасының меңгерушісі, PhD, профессор Сейтхан Азатұлымен ғылым аясында әңгімелестік.
– Қазіргі таңда
білім беру жүйесінде дуалды оқыту мен өндірістік PhD бағдарламалары қаншалықты
тиімді?
– Иә, бүгінде дуалды оқыту сияқты бағдарламалар бар. Сонымен қатар өткен жылдан бастап индустриялық, яғни өндірістік PhD бағдарламасы қабылданды. Академиялық PhD-дан айырмашылығы – мұнда докторант өндірісте жұмыс істей жүріп, нақты тапсырмаларды орындау арқылы ғылыми дәрежесін ала алады. Министрлік пен Үкімет бұл саланың маңызын түсініп, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып шешім қабылдап отыр.
– Көптеген өндіріс орындары студенттерді практикаға алуға құлықсыз деген пікір бар. Бұған не себеп?
– Бұл пікірмен келісемін. Себептері әртүрлі: жас маманның
тәжірибесінің аздығы, техника қауіпсіздігі мәселелері бар. Алайда өндірістік
практика кезінде өзін жақсы көрсете алған студенттерді кәсіпорындар төртінші
курсты бітірген соң бірден жұмысқа алып жатады. Кейбірі тіпті магистратура мен
докторантурада оқуға қаржылай қолдау көрсетеді. Мұндай тәжірибе тек Қазақстанда
емес, шетелде де кең таралған.
– Ғылым саласына бөлінетін қаржы мен инфрақұрылымның қазіргі жағдайы қандай?
– Соңғы 3–4 жылда ғылымға бөлінетін қаржы жыл сайын артып
келеді. Жаңа зертханалар ашылып жатыр. Назарбаев университетінде үлкен ғылыми
база қалыптасты. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ
секілді университеттерде ірі ғылыми орталықтар мен технопарктер ашылуда. Бұл
жастардың заманауи құралдармен ғылыми-зерттеу жүргізуіне мүмкіндік береді.
– Жас ғалымдарға қандай қолдау шаралары бар?
– Президенттің атынан жас ғалымдарға пәтер сертификаттарын
табыстау дәстүрге айналды. Сонымен қатар «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру
бағдарламасы бар. 40 жасқа дейінгі докторлар үшін арнайы гранттар бөлінеді.
Халықаралық «Горизонт Еуропа», НАТО бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі бар.
Үздік жас ғалымдарға арналған шәкіртақылар мен мемлекеттік сыйлықтар да
қарастырылған.
– Ғылым саласында қандай мәселелер әлі де шешімін күтіп тұр?
– Ғылымға ең алдымен тұрақтылық қажет. Шетелде ғалымдар 10–15 жыл бойы алаңсыз зерттеу жүргізе алады. Ал бізде кейде жобалардың жалғаспай қалуы, қаржыландырудың кешігуі немесе құрал-жабдықтардың ескіруі сияқты мәселелер кездеседі. Бұл жоғары рейтингілік журналдарға мақала жариялауға немесе өндірісте нәтижені дәлелдеуге кедергі келтіреді.
– Соған қарамастан ғылымға жастардың келуі қалай өзгеріп жатыр?
– Қазіргі таңда ғылымға келіп жатқан жастардың саны жыл
сайын артып келеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Меніңше, саннан сапа туады.
Жастардың ғылымға қызығушылығының артуы – мемлекет тарапынан жасалып жатқан оң
қадамдардың нәтижесі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге
рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота
Мұсабекқызы
