08 қаң, 2026 сағат 12:17

Терроризм туралы жалған ақпарат тарату — қылмыс: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады


Фото: aqjolgazet.kz

 Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті  терроризм туралы жалған ақпарат тарату — қылмыс екенін ескертіп, үндеу жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

"Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті ата-аналарға терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламаларды таратуға жол берілмейтінін еске салады", - делінген хабарламада.


Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Хабарламада айтылғандай терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатер төндіріп, адамдарды жаппай эвакуациялауға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медицина және басқа да әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмысының бұзылуына әкеп соғады. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметтерінің елеулі күштері мен құралдарын негізсіз жұмылдыруға себеп болады.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бұл қылмысты жасағаны үшін заңнамада бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын еске салады.

"Осындай барлық хабарлама міндетті түрде тексеріледі, ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдарды пайдалану арқылы анықталады", - дейді ІІМ.

Киберқылмыстардың алдын алу үшін азаматтарға:

тексерілмеген ақпаратты таратпау;
интернетте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған қоңыраулар мен хабарламалар жасамау;
балаларға терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін ата-аналардың жауапкершілігі бар екенін түсіндіру;
қауіп төндіретін хабарламалар алған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлау ұсынылады.


     Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және цифрлық кеңістікте жауапкершілікпен әрекет етуге шақырады.