10 ақп, 2026 сағат 12:08

TikTok арқылы террористік материалдарды таратқан семейлік сотталды


Фото: liter.kz


Абай облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризмді насихаттағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Бас прокуратура. 


Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында онлайн-платформаларды пайдалана отырып терроризмді насихаттады деп айыпталған Семей қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.


"2024 жылдың шілде айынан 2025 жылдың сәуір айына дейін айыпталушы TikTok әлеуметтік желісіндегі анонимді аккаунттар арқылы, сондай-ақ азаматтармен жеке әңгімелер барысында террористік сипаттағы материалдарды таратқан. Аталған материалдар зорлық-зомбылық идеологиясын қамтып, террористік қызметті ақтаған.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігімен (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, – делінген хабарламада. 


Сот үкімі заңды күшіне енді.


Абай облысының прокуратурасы интернет желісінде террористік және экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату, репост жасау, сондай-ақ сақтау үшін қылмыстық жауаптылық көзделгеніне азаматтардың назарын аударады және осындай фактілер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.