06 қаң, 2026 сағат 11:57

Желтоқсанда инфляция 0,9% болды: баға өзгерісінің толық көрінісі

Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы желтоқсан айында Қазақстанда айлық инфляция деңгейі 0,9 пайызды құрады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл кезеңде азық-түлік тауарларының бағасы 1,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,7%, ал ақылы қызметтер 0,6% қымбаттаған.

Өткен айда апельсин бағасы 2,6%, сәбіз 2%, қант 1,3% төмендеді. Сондай-ақ жұмыртқа бағасы 0,1% арзандаған. Ал концентратталған сүт 2,1%, қатты ірімшік 1,8%, көкөніс шырындары 1,6% қымбаттаған.

Жекелеген дәрі-дәрмектердің бағасы төмендеген. Атап айтқанда, супрастин – 18,5%, энап – 5,2%, канефрон – 1,4%, йодомарин мен азитромицин әрқайсысы 0,9% арзандаған. Сонымен қатар автомобильдер 0,4%, электр құралдары 0,9% арзандаса, смартфондар 0,9%, жеке гигиена тауарлары 1,1% қымбаттаған.

Коммуналдық қызметтер арасында су бұру тарифтері 2,4%, ал суық су тарифтері 0,9% төмендеген. Бір ай ішінде такси қызметтері 1,8%, моншаға бару 2,1%, кинотеатр қызметтері 2,9% қымбаттаған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 12,3% болды. Желтоқсанда азық-түлік тауарларының жылдық өсімі 13,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%, ақылы қызметтер 12% деңгейінде тіркелген.

Жылдық мәнде қызанақ бағасы 7,9%, күріш 4,8%, қияр 4,7%, тәтті бұрыш 2,7%, кептірілген өрік 2% төмендеген. Ал жүзім бағасы 7,7%, көк шай 7,9% қымбаттаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде аяқ киімге арналған крем бағасы 10,8%, сантехникалық қоспалауыш 8,5%, электр бұрғысы 6,6% өскен.

Жыл ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында суық су тарифтері 13,1% төмендесе, аяқ киім жөндеу қызметі 10,1%, пошта қызметтері 8,9%, автосақтандыру 6,5% қымбаттаған.

Өңірлер арасында жылдық инфляцияның ең төмен деңгейі Алматы қаласы мен Қостанай облысында – 11,7%, сондай-ақ Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында – 11,8% деңгейінде тіркелді.