АҚШ қаржы министрлігі бірқатар ресейлік азаматтарға қарсы санкциялар енгізді. Министрлік сайтында жарияланған ақпаратта бұрынғы СССР елдеріндегі қылмыс әлеміне қатысы бар кей адамдардың аты-жөні аталған, деп жазады Азаттық.
"Қара тізімге" енгізілгендер арасында ресейлік кейбір БАҚ қылмыс әлемінің ірі өкілдері ("вор в законе") деп сипаттайтын Алимжан Тохтахунов (лақап есімі - "Тайванчик"), Захарий Калашов ("Шакро Молодой"), Рубен Татулян ("Робсон"), Владимир Тюрин ("Тюря"), қырғызстандық Қамшыбек Көлбаев ("Коля-қырғыз"), Өзбекстан азаматы Гафур Рахимов ("ақбас Гафур") және өзгелер бар. Оларға америкалық азаматтармен бизнес жүргізуге және АҚШ аумағына келуіне тыйым салынады.
Тізімдегілердің ішінен Владимир Тюринді бұған дейін Украина бас прокуратурасы биыл наурызда Киевте қастандықпен өлтірілген Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковтың қазасын ұйымдастырушы ретінде атаған. Тюрин ол айыптауды жоққа шығарған.
Сонымен бірге Рубен Татулянның иелігіндегі екі ресейлік компанияға қарсы санкция енгізілген.
АҚШ билігі бұл санкцияларды бұрынғы СССР елдерінен шыққан "кәнігі баукеспелерге" ("воры в законе") қарсы күрес аясында қабылдаған. Аталған қылмыстық топ Ресей, АҚШ, Грекия, Испания және Украина аумағында әрекет етеді.
Бұдан бір күн бұрын АҚШ қаржы министрлігі "Магнитский заңы" аясында 13 адам және 39 ұйымға қарсы санкциялар жариялаған. "Қара тізімге" алынғандар арасында Ресей бас прокуроры Юрий Чайканың ұлы Артем, Өзбекстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Гүлнәра Каримова, Киевтегі "Беркут" арнайы жасақ полкінің бұрынғы басшысы Сергей Кусюк те бар.