10 қаң, 2024 сағат 11:37

Ақтауда 800-ден астам аққу қырылды – Rixos Aktau-ға қатысты тексеріс басталды

© Photo: Азамат Сәрсенбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қаракөл өзеніне жіберілетін суды зерттеу кезінде зиянды заттардың шамадан тыс мөлшері анықталды. Соның негізінде "Rixos Aktau" қонақ үйіне қатысты тексеріс басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.

Соңғы мәліметке сәйкес, Қаракөлдің жағасында 826 аққудың өлексесі табылды. Барлығын жағып жіберген. Бас кезінде мамандар жүздеген аққудың құс тұмауынан қырылғанын мәлімдеді.

Ал әлеуметтік желіде "Rixos Aktau" қонақ үйінен көлге түсетін құбырдың видеосы тарады. Халық көлге зиянды қалдықтардың төгіліп жатқанын жарыса жазды. Соның салдарынан аққулар қырылып жатыр деген болжам да жасалды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Rixos Aktau" қонақ үйіне қатысты жоспардан тыс тексерістің басталғанын хабарлады. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомар Әлиевтің айтуынша, зертханалық талдау кезінде Қаракөлге төгіліп жатқан судың құрамында зиянды заттардың шамадан тыс мөлшері анықталған.

"Соның негізінде "Rixos Aktau" қонақ үйіне қатысты жоспардан тыс тексеріс басталды. Тексерістің нәтижесі бойынша тәртіп бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданады, әкімшілік істер қозғалады ", - дейді Әлиев.

Айта кетері, Қаракөлдегі аққулардың қырылғаны туралы ақпарат 27 желтоқсанда тарай бастады. Бас кезінде мамандар 30 құстың өлексесі табылғанын айтқан. Алайда жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде пост жариялап, қырылған аққулардың саны әлдеқайда көп екенін мәлімдеді. Осыдан кейін статистика жаңартылды. 227 аққудың өлексесі табылғанын туралы ақпарат шықты.