29 қаң, 2024 сағат 12:28

Ақтауда балабақша маңында жанжал шығып, ер адам пышақ жарақатын алды

Фото: lada.kz

Ақтауда ер адамдар балабақша маңында төбелескен. Оқиға 28 қаңтарда күндіз №28 үйдің артында, "Дарын" жекеменшік балабақшасының маңында болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап. 

Тұрғындардың сөзінше, 28 қаңтарда түскі уақытта айғай естілген. №28 үйдің артында үш ер адам төбелескені белгілі болған. Олардың біреуі пышақ ұстап тұрған. Ол қарсыласына бірнеше рет пышақ сұғып алған. Үшінші адам оларды ажыратуға тырысқан. Жараланған тұрғын сол жерде қалған, ал қолында пышағы бар ер адам бұрылып, кетіп қалған. Көршілердің сөзінше, ол - бірінші қабатта тұрады. 

Оқиға орнына полиция келген. Артынша жедел жәрдем қызметкерлері де келіп, зардап шеккен ер адамды алып кеткен. 

Төбелестен кейін балабақша маңы қан-жоса болған. Артынша ол жерге топырақ төгілген. 

Полиция департаменті мәліметінше, бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша соталды тергеу басталған.