04 жел, 2023 сағат 16:23

Ақтөбе облысында әскери қызметші әріптесін атып өлтірді

Фото: © Sputnik / Тимур Батыршин

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданындағы Қиялы шекара заставасында 22 жастағы Мәтжан Жанесенов көз жұмды. Оған әріптесі оқ атқан, - деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасының хабарлауынша, оқиға 2 желтоқсанда болған. 

"ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша шекара қызметі департаментінің «Қиялы» шекара заставасында келісімшарт бойынша еңбек ететін әскери қызметші әріптесімен жанжалдасып қалған. Содан кейін өзіне бекітілген қарудан оқ атқан. Жәбірленуші жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.

Аталған факті бойынша Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Басқа мәліметтер ҚПК 201-бабына сәйкес жарияланбайды", — деп хабарлады Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасы.  

Айта кейік, Мәтжан Жанесенов — Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы.

"Отбасына қамқор болып отырған бала. Әлі сене алмай отырмыз", — дейді апасы Айгүл Жанесенқызы.