10 қаң, 2024 сағат 15:28

Алатау қаласының салынуы ауыл мен қала арасында сабылған жұрттың мәселесін шешеді – әкім


Фото: instagram.com/rsk_almobl

Алматы облысы Жетіген ауылдық округіне қарасты 4 ауылдық елді мекен Алатау қаласының құрамына енгізіледі. Сондай-ақ Жетіген ауылының есімі «Алатау» болып өзгеруіне байланысты ешқандай мәселе болмайды. Бұл туралы Алматы облысы Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінгі Жетіген ауылдық округінде 4 ауылдық елді мекен бар: Жетіген, Құйған, Еңбек және Жаңа арна ауылдары.

«Президент Жарлығына сәйкес 4 ауылдың барлығы Алатау қаласының құрамына кіретін болады. Бұл ретте тұрғындарды ешқандай қиындықтар болмайды деп сендіргім келеді. Елді мекеннің атауы өзгеруіне байланысты да қиындықтар болмайды. Барлығы біртіндеп жоспарға сәйкес іске асады. Мемлекеттік қызметтер де бұрынғыдай көрсетіле береді. Сондай-ақ алдағы уақытта Алатау қаласының құрамына басқа да ауылдар қосылатын болады. Жалпы, алдағы Алатау қаласының аумағы 89 мың гектарға жетеді деп жоспарланған», - деді Нұрлан Әбілов.

Алатау қаласының құрылуы облыс экономикасына үлкен үлес қоспақ.

«Енді жұмыс іздеп қалаға сабылған жұрттың мәселесі шешілді десек болады. Сіздер білесіздер, мұнда Жетіген – Қорғас темір жолы басталады. Бұл темір жол желісі шетелдермен байланысты дамытып, ел экономикасын өркендетеді. Сондай-ақ Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген-Қазыбек бек темір жол желісінің құрылысы басталды. Сонымен қатар қаланың бас жоспарына сәйкес көптеген нысан салынып, жұмыс орындары ашылуы керек. Президент Жарлығы шыққалы бері жергілікті халық ерекше қуанып, бірін-бірі құттықтап жатыр», - деді Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілев.

Жетіген ауылының қоғамдық кеңесінің төрайымы Қаниза Нұранова ауылдастарын ерекше оқиғамен құттықтады.

«Біз кеше ғана ауыл тұрғындары едік, ал бүгін аяқ астынан қалалық болып шыға келдік. Бұл әсіресе мен секілді жасы үлкен кісілер үшін ерекше оқиға. Бұл – керемет жаңалық. Жаңа қаланың бой көтеруімен экономика қарқынды түрде өсетін болады. Инвестиция тартылып, халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Мен ауылдастарымды осы керемет оқиғамен құттықтаймын», - деді Қаниза Нұранова.

Мария есімді волонтер Алатау қаласының құрылуынан тек жақсылық күтетінін айтты.

«Халық бұл жаңалықтан оң өзгерістер күтеді. Енді жастар ауылдан кетпейді деп ойлаймын. Қазір ауыл халқының 70 пайызы қалаға барып жұмыс істеп жүр. Сондықтан мұнда ең алдымен жаңа жұмыс орындары ашылғаны дұрыс. Жаңа ауруханалар, мектептер, колледж, институттар салынса болса тіпті жақсы», - деп атап өтті Мария.

Бұған дейін елімізде Алатау деген жаңа қала пайда болғанын жазғанбыз.