14 қаз, 2025 сағат 17:54

Әліпби мен білім беру жүйесі – өркениеттік және ұлт қалыптастырудағы таңдау (Қазақстан мысалында)

Фото: Аna tili

Жылдам өзгеріп жатқан әлемде және жаһандық архитектураның күрделенген кезеңінде ұлттың мәдени және өркениеттік тиесілігі мәселесі ерекше өзектілікке ие болады. Осы контексте әліпби мен білім беру жүйесін таңдау мемлекеттік саясаттың жанама құралы емес, ұлт қалыптастырудың негізі, ұжымдық өзіндік жолы мен мәдени-тарихи дамудың бағытын анықтайтын маңызды механизм болып табылады.

Қазақстан Республикасының мысалында бұл техникалық болып көрінетін шешімдердің терең мағыналы символикалық өзгерістер екендігін аңғаруға болады. Олар ұлттық нарративті қайта құруға, тарихи субъектілікті қалпына келтіруге және әлемдік өркениетте позициямызды жаңаша анықтауға бағытталған.

Әліпби мәдени деколонизация актісі және символдық қайта бағдарлау құралы ретінде

Қазақстанның 2017 жылы ресми түрде басталған латын әліпбиіне көшуі бұл тек цифрлық және халықаралық коммуникацияны жеңілдету шарасы ғана емес. Ол ең алдымен мәдени деколонизация элементі болып табылады. Кириллица кеңестік тілдік саясаттың мұрасы ретінде, орыс тілінің үстемдігінің символы болды, және ұлттық тілдік, мәдени кодтың постимпериялық инерциясын бекітті.

Латын әліпбиіне көшу бұл империялық өткенмен саналы қош айтысу, қазақ жазуының тарихи түп-тамырына (1929–1940 жылдар аралығында Қазақстанда латын графикасы қолданылған) және қазіргі түркі әлемімен мәдени байланысын жаңғырту әрекеті. Философиялық тұрғыдан бұл қадам аксиологиялық бұрылыс, ашықтық пен мәдени автономияны таңдау.

Латын әліпбиі мәдени репозицияның алаңы ретінде көрініс табады: ол Қазақстанның өзіндік субъектілігін, аймақтық және жаһандық қатынастар жүйесіндегі орнын білдіретін символы болумен қатар түркі өркениеті мен батыстық модернизациялық жобамен байланысын айқындайды.

Білім беру азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың матрицасы ретінде

Қазақстанның 2010 жылы Болон үдерісіне қосылуы білім беру және әлемдік мәдени-идеологиялық кеңістікке интеграцияға бағытталған институционалдық қадам болды. Еуропалық стандарттарды енгізу (модульдік жүйе, академиялық мобильдік, университеттердің автономиясы, білімнің үш деңгейлік құрылымы) білім беруді тек білім беру құралы емес, жаңа типтегі азаматтарды қалыптастыру тетігі ретінде қайта ойластыруға жетелейді.

Философиялық тұрғыдан білім беру реформасы бұл индустриялық қоғамның «бағынышты азаматтарын» дайындау моделінен жаһандық коммуникациялар мен білім экономикасына қатыса алатын «постиндустриялық автономиялы субъектілерді» қалыптастыру моделіне көшуін білдіреді.

Сонымен бірге, Қазақстандағы білім беру жүйесі модернизация мен европеизацияны қатар алып жүретін, ұлттық жобаны қолдаушы және ұлт қалыптастырушы фактор ретінде де қызмет ететін күрделі құрылым. Оқу бағдарламалары, оқулықтар, тілдік саясат пен тарихи түсінік арқылы ұлттық мұраттың ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ символдар мен құндылықтар жүйесінің негізі қалайды. Осылайша, білім беру жүйесі дәстүр мен заманауилық, ұлттық пен жаһандық қағидаттар арасындағы символдық синтез алаңына айналады.

Қазақстан түркілік жаңғыру мен еуразиялық прагматизмнің аралығында: мәдени интеграция бағыты

Қазақстанның мәдени-өркениеттік таңдауында аймақтық интеграциялық бастамалар маңызды рөл атқарады. Еліміз екі, бірін-бірі өзара толықтыратын бағытта Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мен Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) белсенділік танытып қана қоймай, сонымен қатар кең мағынада көпвекторлы саясатты жүзеге асырады.

ТМҰ аясында Қазақстан түркі халықтарының мәдени, тілдік, тарихи тұтастығын қалпына келтіруге бағытталған жобаларды жүзеге асырушы ретінде: ортақ түркі әліпбиін жасау, ортақ тарих пен әдебиет оқулықтарын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар алмасуын ұйымдастыру, бірлескен зерттеу алаңдарын құру бастамаларын қолдайды. Бұл мәдени саясаттың желісі колониалдық режимдердің ажыратып жіберген тарихи және өркениеттік тұтастықты қалпына келтіруге бағытталған шаралар.

Сонымен бірге, Қазақстан Ресеймен экономикалық әріптестік аясында ЕАЭО-да маңызды ойыншы болып қала береді, бұл экономикалық ынтымақтастық пен тұрақтылыққа бағдарланған прагматикалық қадам. Алайда, әсіресе соңғы жылдары мәдени және білім беру саласында елдің тәуелсіздігін нығайтып, ұлттық моделін құруға ұмтылысы айқын байқалады.

Осылайша, Қазақстан интеграцияда көпқырлы және көпарналы бағытты ұстанады: түркі әлемімен мәдени жақындасу, батыстық үлгідегі білім беруді жаңғырту және еуразиялық экономикалық прагматизм барлығы егіз мақсат: егемендік пен субъектілікті нығайтуға бағытталған.

Өркениеттік таңдау философиялық-саяси жоба

Бұл реформаларды утилитарлық немесе тек саяси шешімдер ретінде қарастыруға болмайды. Философиялық тұрғыдан алғанда, әліпби мен білім беру моделін таңдау ұлттың экзистенциалдық әрекеті, мәдени автоконституция актісі, қоғамның «Біз кім болдық», «Біз кімбіз» және «Біз кім болғымыз келеді» деген сұрақтарына жауап беру әрекеті.

Посткеңестік транзитті өткерген Қазақстан тіл, білім беру, мәдени саясат және халықаралық позициялау арқылы өзін жаңаша құруды мақсат етеді. Бұл мәдени саясаттың онтологиялық саясат ретіндегі сипатын көрсетеді, ол тарихи еске алу, құндылық иерархиясы және символдық болашақтың көкжиегін айқындайды.

Қорытынды

Осылайша, әліпби мен білім беру жүйесін таңдау ұлттық болмыс пен мәдени егемендікті қайта қарау, стратегиялық өзін-өзі анықтау бағытындағы мәдени және өркениеттік саясаттың ажырамас бөліктері. Қазақстан әртүрлі тарихи және геомәдени векторлардың тоғысында тұрып, дәстүр мен заманауилықты, жергілікті және жаһандықты, шығыс пен батысты үйлестіретін жаңа ұлт қалыптастыру парадигмасын жасауға ұмтылады.

Бұл контексте әліпби жай графика ғана емес, ойлайтын және оқитын әлемнің символы. Ал білім тек білім емес, ұлттың өз болмысын сақтай отырып, әлемге ашық болуын қамтамасыз ететін болашақты қалыптастыру құралы.


Шыңғыс Ергөбек

саясаттанушы