06 сәу, 2018 сағат 06:43

Алматы облысына Польша өкілдері келді

Талдықорғанда Польша елінің Люблин воеводасын (бізше айтқанда облыс – Қ.Қ.) басқаратын маршалы Славомир Сосновки мен Алматы облысы әкімі Амандық Баталов аймақаралық меморандумға қол қойып, әріптестікті нығайтуға келісті.

Облыстық әкімдікте өткен екіжақты келісім кезінде өңір басшысы шетелдік қонақтарға Алматы облысының жеткен жетістігі мен бағындырған белесін  қысқаша таныстырып өтті. Әуелі табиғаты көркем жерұйық топырағында қазба байлықтың мол екеніне тоқталған Амандық Ғаббасұлы бұдан соң Жетісудың инвестициялық климаты ыңғайлы өңір екенін жеткізді.

– Облыста негізінен ауылшаруашылық өнімдері өндіріледі. Соған орай өңіріміз республикада соя, жүгері, көкөніс, картоп, ет, жұмыртқа және биязы жүн өндіруден алдыңғы орыннан көрінсе, жүзім мен сүт өндірісінен екінші орынды иеленеді. Облыс көлемінде «Фуд Мастер», «Данон Беркут», «Кока Кола Ботлерс», «Филип Моррис», «ЛДжи Брендс» сынды әлемге әйгілі кәсіпорындар жұмыс істейді, – деді ол.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі өтіп, халықаралық «Қорғас – Шығыс қақпасы»  арнайы экономикалық нүктесі жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Жетісу аумағында таулар мен жазық даланың молынан кездесуі табиғи мүмкіндіктің молдығын көрсетеді. Бұл өз кезегінде жел қуатынан, күн қызуынан баламалы қуат көздерін өндіруге жол ашады. Қазір де аталған  бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осының өзі Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі.

Бұл ретте, Полша өкілі Славомир Сосновки облыс басшылығының қонақжай пейілі мен шынайы ықыласына ризашылығын жеткізіп, агроөндірісі кеңінен дамыған Алматы облысына Польшада шығатын тракторларды, соңғы үлгідегі технологияларды және  дақылдардың жаңа, өнімді сорттарының тұқымын алуды ұсынды. Осыған орай екі жақ аймақаралық меморандумға қол қойып, келісім құжаттарымен алмасты.

Облыс әкімі Жетісу жерінің картасы бейнеленген картинаны табыстай отырып, өнер туындысында кескінделген Хантәңірі шыңы, Алакөл мен Балқаш көлдері, Алтын Адам туралы мағлұмат берді.